Қазақ Ұлттық университеті ғарышқа микроспутник ұшырады. Бүгін Астанада өткен халықаралық симпозиумда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тұңғыш рет Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен арнайы келісімге қол қойды. Нәтижесінде білім ордаларының арасында микроспутниктік ғылыми зерттеу жобаларын жүзеге асыру жөнінде ынтымақтастық нығая түспек. Бұл келісімге еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдемесінде қол жеткізіп отыр.
Ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Микроспутник арқылы жерді қашықтықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ симпозиум аясында «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫ:
ШОС-қа мүше елдер ғылым-білім саласында арнайы бүкіл елдің университеттері қатыса отырып, кітапты шығарып, осы ШОС-қа тарту есебінде әкеліп отырмыз. Яғни, алдымызда қандай жоспар, не дамытуымыз керек, ШОС-қа мүше елдердегі білім-ғылым саласының дамуы осы кітапта толық баяндалған.
Аспан асты елімен білім саласындағы байланыс қарқынды дамып келеді. Мәселен, Астанада атақты Бейжің тіл және мәдениет универсиетінің филиалы ашылады. Алғашқы 100 студент қыркүйек айында қабылданады. Қуанышты жаңалық мұнымен бітпейді. Алматыдағы Сәтпаев университетінің негізінде Гонконгтың City University of Hong Kong жетекші зерттеу университетінің де филиалы өз жұмысын бастауға дайын.
Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Биыл Қазақстан ШЫҰ басшысы ретінде, төрағасы ретінде осы ұйымның дамуына өте маңызды үлесін қосты. Ол ғылыми, зерттеу және білім саласындағы ынтымақтастық жаңа бағытын қосты деп айтауға болады ауыз толтырып. Биыл бірлескен ғылыми зерттеулер гранттары бағдарламасын бастамақшымыз. Осы жылдың соңында жариялаймыз ресми түрде.
Сондай-ақ Елордада Еуразия Ұлттық Университетінің негізінде Лу Бань шеберханасы ашылады. Лу Бань шеберханасы Қытай елінде жоғары сұранысқа ие ерекше форматтағы орталық. Мақсаты – қолданбалы инженерлерді дайындап шығару. Былтыр алғаш рет аталмыш орталық Си Цзиньпиннің ұсынысымен Өскеменде жұмысын бастаған еді. Бір қызығы – Қытай мемлекеті шетелде осындай шеберхананың біреуін ғана ашуға рұқсат береді. Ал Қазақстан үшін екінші шеберхана ашу туралы арнайы шешім қабылдаған.
Хуай ЦЗИНЬПЭН, ҚХР БІЛІМ МИНИСТРІ:
Бүгінгі іс-шара ШЫҰ-на мүше елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда зор маңызға ие. Қытай Білім министрлігінің атынан қонақжайлылық пен қолдау үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Қытай достығының тарихы тереңде жатыр. Біз жан-жақты стратегиялық серіктестерміз. Ал біз, білім беру саласының өкілдері, арадағы байланысты одан әрі дамытуымыз керек.
Төрағасы Си Цзиньпинмен жүргізілген келіссөздер аясында білім және ғылым саласында жалпы саны 6 маңызды құжатқа қол қойылды.