$498.34 €519.72 ₽4.85
×

700-ден аса шетелдік БАҚ саммиттен ақпарат таратты

04.07.2024ж. 20:00
459
700-ден аса шетелдік БАҚ саммиттен ақпарат таратты

Қазір әлем назары Астанада. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Саммитінен ақпарат тарату үшін елімізге 700-ден аса шетелдік Бұқаралық ақпарат құралының өкілі келді. Жаһандық масс медиа маңызды басқосу туралы жарыса жазып, айтып жатыр. 

«Бейбітшілік және келісім» сарайы. Жиынның басталуына бірнеше сағат қалды. Дайындық қызу. Әсіресе БАҚ өкілдері құрал-сайманын дайындап әлек. Қонақтардан сұқбат алып, ақпарат таратуға сақадай сай. Олар үшін 700 орын жасақталған. Маңызды шара туралы бас-аяғы мыңға жуық медиа өкілі ақпарат таратты. Оның арасында көрші Қытайдан келген Тонг Чен бар.

Тонг ЧЕН, CGTN ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖУРНАЛИСІ /ҚХР/

Бұл -менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Өзім Шанхайда тұрамын. Астананың ауа райы ерекше екен. Атмосферасы да тым бөлек. Бізге ұқсамайды. Маған қатты ұнады. ШЫҰ саммитіне бұған дейін қатыспағанмын. Бірінші рет. Сондықтан мен үшін Қазақстан, Астана жүрегімнен ойып тұрып орын алады.

Ал, Түркиялық әріптесім дәл осындай тарихи оқиғаның куәгері болғанын мақтан тұтады. Саммиттің нәтижесі тек елдердің дамуына ғана емес, біздің де көкжигіміздің кеңеюіне септігін тигізді, - дейді. Айтпағы, жиынның арқасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестермен танысып, тәжірибе алмасқан.

Айше СУБЕРКЕР, ТРТ WORLD ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖУРНАЛИСІ /ТҮРКИЯ/:

Мен Түркиядан келдім. Өте бақыттымын. Саммитке біраз елден қатысушылар келген. Жақында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ШЫҰ-мен ынтымақтастықты арттыру туралы айтқан еді. Мен қуаныштымын!

Қаламды қару еткен қауым Астанада өткен шара туралы жарыса жазып жатыр. Оның ауқымына тоқталып, маңыздылығын түсіндірген. Азия-Тынық мұхитындағы барлық жаңалықты қамтитын қаралымы ең жоғары "The Diplomat" сайтында біздің ел туралы оң пікір жазылған. Автор бұл жиын Қазақстанның әлемдегі орнын айқындады, - дейді. Ал, танымал "The New York Times" басылымы көшбасшылар жиналған алаңда тың тақырыптардың талқыланғанын жазған. «ШЫҰ - үміт сәулесі». Пәкістанның Daily Times басылымында жарық көрген мақаланың тақырыбы осындай.

«DAILY TIMES» БАСЫЛЫМЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН МАҚАЛАДАН ҮЗІНДІ:

ШЫҰ тетігі – өзара сенім. Бұл ұйымға мүше елдер тиімді саясатты жүргізе алады. Пәкістан барлық елмен достық қарым-қатынас орнатуға мүдделі.

«Вечерний Бішкек». Қырғыз елінің ең беделді басылымдарының бірі. Онда саммиттің маңыздылығына байланысты бірнеше мақала жарық көрді. Автор Астанада өткен жиында тек әлемдік проблемалар талқылап қана қоймай, нақты шешімі шығарылды, - дейді.

«ВЕЧЕРНИЙ БІШКЕК» БАСЫЛЫМЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН МАҚАЛАДАН ҮЗІНДІ:

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бұған дейінгі саммиті виртуалды форматта өтті. Яғни, ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары соңғы рет екі жыл бұрын Самарқандта кездескен. Көшбасшылардың көзбе-көз кездескені қуантады. Өйткені өте маңызды тақырыптар талқыланды. Бұл сенімді қалыптастырады. Расымен, қазір әлем назары Астанаға ауды.

Шетелдік сарапшылар Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етудегі еңбегін жоғары бағайды. Астана ұйымға төрағалық еткен бір жылда өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды дейді. Қазақстанның әлемде геосаяси ахуал өршіп тұрған тұста төрағалық еткенін есерсек, нәтиже шынымен көңіл көншітеді. Мақтан тұтатын форумдар өтті. Сириядағы кикілжінді тоқтатуға бағытталған Астана форматы, Әзербайжан мен Арменияның Алматыдағы келіссөзі - соның дәлелі.

Мао НИН, ҚХР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Астана саммиті - биылғы ШЫҰ аясындағы ең маңызды оқиға. Ұйымдастыру жоғары деңгейді. Басшылар басқосқан қалада маңызды мәселелр шешімін тапты деуге болады. Енді Астана саммитінен кейін Қытай 2024-2025 жылдар аралығында ШЫҰ-ға кезекті төрағалық етеді. Бұл Қытайдың соңғы жеті жылда алғаш рет төрағалыққа қайта кірісуі. Қытай бұған үлкен мән беріп, дайындық жұмыстарын толығымен бастады.

ШЫҰ төраға болу Қазақстанның бірінші тәжірибесі емес. Бұған дейін әлемдегі жетекші ұйымдардың төрағалық тізгінін ұстаған. Шетелдік сарапшылар мұны жоғары бағалайды. Олар еліміздің бір жылда 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырғанын ерекше атап өтті. Бұл оңай шаруа емес.

Андрей ДЕНИСОВ, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ КЕҢЕСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Халықаралық ұйымдар өздерінің сындарлы рөлін айқындады. Жиын ұйымға мүше әр ел үшін маңызды кездесу болды. Мұндай шаралардың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Әлем назары Қазақстанда. Солай боглуы да керек. Өйткені бұл нағыз көшбасшылардың отырысы.

Шетелдік БАҚ біз туралы, саммит туралы ақпаратты әр минут сайын жаңартып отыр. Жазған, қалдырған пікірдің санына жету қиын. Бұл-үлкен жетістік.