Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін саммит отырысында осылай деді. Бұдан өзге, Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Ұйым кімдерге қарсы күш біріктірмек? Саммитте тағы қандай тың бастамалар көтерілді? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.
Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Астана саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы еңселі ондыққа айналды. Оны Беларусия мемлекеті толықтырды. Жиын басында 9 мемлекеттің басшысы осыны растайтын арнайы құжатқа қол қойды. Осылайша 30 жылға жетер-жетпес уақытта «бестіктен» «ондыққа» айналған ұйым қазір достық, тату көршілік пен өзара қолдаудың алаңына айналған.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін.
Еліміз ұйымға төрағалық еткен тұста түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара өткен. Көбінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және жастар кеңесі ұйымдастырылған.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Сондықтан Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс. Айта кетейік, жиында киберқауіпсіздік мәселесі де шет қалмады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейту қажет.
Президент ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударыла бастаған. Қазір «Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің рухани киелі орындары» және «Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі сынды маңызды жобалар іске қосылды, - деді Мемлекет басшысы. Ал Алматы қаласы ұйымның мәдени және туристік астанасына айналғанын атап өтті. Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастады. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері.
Мемлекет басшысы тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы сөзінің соңында қолдағандары үшін Ұйымға мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тарапына табыс тіледі.