Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Әйнектен жасалған тергеу бөлмелері пайда болды

AstanaTV
23.02.2017ж. 20:00
2623
Әйнектен жасалған тергеу бөлмелері пайда болды

Астана мен Ақмола облысында әйнектен жасалған тергеу бөлмелері пайда болды. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен Түрме реформасы атты 4-ші форумда белгілі болды. Мұндай изолятордың пайда болуына полиция тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылық себеп болды. Жалпы жиында Ішкі істер министрілігі мен Бас прокуратура адам құқын қорғау үшін бірнеше ұсыныс білдірді. Елдос Сапарғали баяндайды.

Бүгінгі түрме реформаларының 4-форумында қылмыстық атқару жүйелері комитетенің жұмысы қатаң сынға алынды. Алайда көмитет төрағасы бұл жиында төбе көрсетпеді.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Бұл жерде қылмыстық атқару жүйелері комитетінің төрағасы бар ма? Қайда? Осы тақырыптан маңызды қандай шаруа бар? Комитеттің атынан тек осы өкілдер ғана келеді. Соңғы үш жыл ішінде сіздердің 80 қызметкеріңіз істі болды. Сіздер өздеріңіздің әріптестеріңізге жандарыңыз ашымайды. Ең болмағанда, әріптестеріңізді ойласаңыздар болады ғой.   


Бас прокурор сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әділдікке шақырып, зорлық түбі неге әкелетінін айтты. 

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билікті асыра пайдаланып, адамдарымызды қинайды, ұрып соғады, арын аяққа басады. Азапқа ұшырғандар өмір бойы билікке өкпелі. Бұлар қорғаудың орнына қорлайды деп.

Қорланғандар қорғалу үшін енді күдіктілер мынадай арнайы бөлмеде тергелетін болады. Камерадағы адамның не істеп жатқандығын толық бақылауға мүмкіндік бар. Әзірге мұндай тергеу бөлмесі еліміз бойынша екеу ғана.

Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Күдіктілерді тергеу бөлмелерінің қабарғалары әйнек. Яғни барлығы бүркемеленбей, ашық өтеді. Әзірге тәжірибе ретінде екі бөлімшеде осындай тәртіп енгіздік. Ақпан айынан бастап жаңа бөлмелерді сынақтан өткізіп жатырмыз. 

Бас прокуратураның мәліметінше, тек соңғы бес жыл ішінде күдіктілерге күш көрсеткені үшін 140 лауазымды тұлға заңға тартылған. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының 400 қызметкерлері жұмыстан қуылыпты. Жалпы жыл сайын тергеу изоляторында азапталу бойынша 100 факт тіркеледі. Ал сотқа дейін солардың тек 2 пайызы ғана жетеді екен.

Форум барысында сиырқұйымшақтанып кеткен электронды білезік жобасы да сөз болды. Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың айтуынша, бұл сұрақ екі жыл көлемінде шешімін таппақ. Жиында қолға түскен күдіктіге үш сағат көлемінде адвокат беру туралы ұсыныс та айтылды.

Елдос САПАРҒАЛИ