Түркістан облысында №1 перинаталдық орталықтаа алғаш рет жаңа туған нәрестенің жүрегіне операция жасалды. Сәбидің салмағы – 730 грамм. Нәресте 24 апталық экстремалды салмақпен «шала» туылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алғашқы күндері нәрестенің жағдайы күрт ауыр болып, өміріне қауіп төнген. Орталықтың білікті неонатолог дәрігерлерінің және медбикелерінің арқасында клиникалық стандартқа сәйкес, ем жүргізіліп, жағдайы тұрақталған.
Дәрігерлер нәрсетенің дамуы барысында туа біткен жүрек ақауын анықтап, ота жасату үшін дайындыққа кіріскен.
Республикалық медициналық авиация желісі арқылы Астана қаласының Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлерімен байланыс орнатылды. 9 маусым күні тұңғыш рет №1 облыстық перинаталдық орталық қабырғасында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жоғары санатты дәрігері, кардиохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Нуркеев Бақытжан, Кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі А.Кабаканова, УДЗ дәрігері А.Ахмолдаеваның қатысуымен сәтті ота жасалды,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Астаналық кардиохирург және кардио-реаниматолог дәрігерлер тарапынан облыстың перинаталдық орталығының неонатолог дәрігерлерінің жұмысына жоғары баға берілді.