Ақтау тұрғындарының қала дүкендерінің бірінде сатылған наггетстер мен котлеттердегі тарақандар үрейін ұшырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz. порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәндіктерді сатып алушылардың бірі көріп, видеоға түсіріп алған. Ол тарақандарды мұздатқыш ішіндегі наггетстер мен котлеттердің ішінен көрген. Тіпті мұздатқышта жәндіктердің дернәсілдері де болған. Ал қақпақтарының астынан олардың нәжістерін көруге болады. Бұл видео авторының ашуына тиген.
Оқиғаға қатысты Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Шырақбаев түсініктеме берді.
Санэпидимиологтың мәліметінше, гипермаркет басшылығына әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салынады (халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын гигиеналық нормативтерді, техникалық регламенттерді бұзу).
Айта кетсек, бұл құқық бұзушылық жағдайында ірі кәсіпкерлік субъектілерге 1600 АЕК - 5 907 200 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Егер айыппұл жеті күн ішінде төленсе, онда ол осы соманың 50 пайызын құрайды, яғни 2 953 600 теңге.