Жыл басынан бері облыста ішек және ротавирус инфекциялары бойынша жағдай тұрақсыз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бүгінгі таңда ротавирус жұқтырудың 98 дерегі тіркелген. Бұл нақтыланған ішек инфекцияларының 65 пайызын құрайды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ауру көрсеткіші тоғыз есе өскен. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2023 жылы 11 жағдай болған, – дейді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова.
Оның айтуынша, әрбір бала жеті жасқа дейін ротавирусқа шалдығады және одан жоғары жаста да ауыруы мүмкін. Дегенмен инфекцияның 95 пайызы мектеп жасына дейінгі балаларда кездеседі. Ротавируспен ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 94 пайызды құрайды.
Ротавирус инфекциясы сүт өнімдерінде жиі кездеседі. Ағзаға түскен вирус ішек жолдарын зақымдайды, құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер болады. Бала ауруды ротавирус бар су айдындарында немесе науқас адам қолданған жуылмаған ыдыс-аяқтар, ойыншықтар арқылы жұқтыруы мүмкін.
Маман аурудың алдын алу үшін жеке бастың гигиенасын сақтауға, қолды жиі жууға, жеміс-жидектер мен көкөністерді жууға, қайнатылмаған су ішпеуге кеңес береді.