Енді онлайн-казино қызметін ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кімде-кім ескертуді елемей, жұмысын жалғастыра берсе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мүлкі тәркіленіп, айыппұл арқалайды. Мемлекет басшысы ойын бизнесіне қатысты заңға қол қойды. Құжатта тағы қандай өзгерістер бар? Заң қашан күшіне енеді? Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбек айтады.
Лудоманияға қарсы күрес ең ұзақ талқыланған заң жобаларының бірі болды. 2 жыл бойы сүзгіден өтті. Күні кеше Президент заңға қол қойды. Әлеуметтік кеселге тұсау салды. Мемлекеттік және әскери қызметкерлерге, бюджеттік ұйым басшыларына казинолар мен букмекерлік кеңселердің есігі жабылды. Бас-аяғы 280 мың адам шектеуге ілінген. Егер ескертуге құлақ түрмесе, бірден жұмыстан шығарылады. Заң жобасына бұл норма жәйдан-жәй енген жоқ. 300-ден астам мемлекеттік қызметкер 500 млн теңгені құмар ойынға жұмсаған. Олқылық қайталанбас үшін талап күшейді.
Асем РАХМЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің мәртебесін сақтау үшін, елдің қазынасын, қаржысын сақтау үшін мемлекеттік қызметкерлерге ойын ойнауға тиым салу міндетті түрде деп ойлаймын. Өйткені 200-300 мың теңге мемлекеттік қызметте жалақы алып, көптеген миллион теңге мемлекетттің қаржысын бәске тігіп жіберген азаматтар бар.
21 жасқа толмағандар мен ұтыс ойындарына қатысып, қарызға белшесінен батқандарға да бәс тігуге тыйым салынды. Бүгінде қара тізімге енген 3 жарым миллион адам бар. Бұдан бөлек, азамат құмар ойын ойнамауға онлайн түрде шектеу қоя алады. Өтінішті әр тұлға егов қосымшасы арқылы өз атынан беруі тиіс. Шектеу мерзімі -10 жыл. Туыстары мен жақындарының атынан арыз қабылданбайды. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларды Бұқаралық ақпарат құралдары, кино, видео арқылы жарнамалауға тыйым салынады. Құмар ойынын насихаттаған блогерлер мен қоғам белсенділері кемі 200 мың теңге айыппұл төлейді.
Гауһар БЕКТАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Мен ойын бизнесіне жарнама үлкен әсер етеді деп айта аламын. Ақшадан қысылып, қиналып жүрген адам көрсе ойы өзгеріп, бір рет бәс тігіп көрейін деп ойлайды. Осылай құрдымға кетеді. Әсіресе жасөспірімдердің жарнаманың құрбаны боп жатады. Себебі олар салдары қандай боларын білмейді. Заң бойынша жарнамалуға,21 жасқа толмағандарға құмар ойнауға тыйым салғаны өте дұрыс болды.
Лудомания қоғам боп қарсы тұратын кесапатқа айналды. Елімізде шаңырағы шайқалған отбасылардың 40 процентіне ойын бизнесі себеп болған. Қылмыстың 20 пайызын құмар ойынға жіпсіз байланғандар жасайды екен. Қазір шамамен 400 мың адам бәс тігеді. Ал оңалту орталықтарынан ем алатындар жоқтың қасы. Себебі, ауруынан айығайын десе, тіркеуге алынады. Тізімге енсе жұмысқа тұруы, күн көруі қиындайды. Заң аясында бұл жүйеге де өзгеріс енгізілді.
Гүлмира СӘДУАҚАСОВА, ҚР ДСМ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АҚПАРАТТЫҚ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Шыны керек, қазір лудомания дертіне шалдыққандар бізге көп жүгінбейді. Оларды диспансерлік тізім алаңдатады. Енді заң аясында әрбір пациенттің дерегі жасырын болады. Бұл құмар ойыннан арылуға үлкен септігін тигізеді. Қабылданған құжат күшіне енсе пациенттердің саны да артады.
Енді лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Ал онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7 жарым млн теңге айыппұл төлейді немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға да тыйым салынды. Президент қол қойған құжат 60 күн ішінде күшіне енеді.