$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақылы жолға қарызы барлардың көлігі тіркеуге алынбауы мүмкін

09.07.2024ж. 20:00
245
Ақылы жолға қарызы барлардың көлігі тіркеуге алынбауы мүмкін

Жаңадан салынған асфальт қолмен ұстасаң үгітіледі. Елдегі жолдың жайы -осындай. Үкімет басшысы сапасыз жұмыс істеген әкімдерді қатаң сынға алды. Шаруаның шикі екенін әріге кетіп дәлелдеудің қажеті жоқ. Соңғы болған су тасқынын еске түсірсек, біраз жолды су шайып кетті. Бұл инфрақұрылымның нашарлығын көрсетеді, - дейді Олжас Бектенов. Премьер-министр барлық қателікті реттеуге 6 жыл уақыт берді. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек айтады.

Биыл 12 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл-рекордтық көрсеткіш. Оның 8 мыңы – республикалық, 4 мыңы жергілікті желіге тиесілі. Қазір күрделі іске 35 асфальт-бетон зауыты, 1 656 техника және 3 300 жұмысшы жұмылдырылған.

Енді бұл шаруа Батыс Қазақстан облысында қыза түспек. Өйткені, Үкімет басшы дәл осы өңірдің әкімін қатты сынады. Жұмыс өте баяу деп қатаң ескерту жасады.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6128 км. Оның ішінде 1421 – республикалық, 4762 жергілікті желіге тиесілі. 2024 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі – 73 пайыз.

Есепте бәрі айна қатесіз, мүлтіксіз жазылған. Уәде көп. Бірақ сапаға қаншалықты жауап бере аламыз? Бізде белгіленген уақытқа үлгерейік деп, шаруасына атүсті қарайтын мамандар баршылық. Олар жолдың сапасына бас ауыртпайды.

Болатбек АЙТБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК БАСШЫСЫ:

Проблемалардың бірі – жергілікті атқарушы органдар жол сапасына жасалған экспертизаға салғырт қарайды. Тіпті сапа орталығы теріс қорытынды берсе де, бөтен зертханалардың оң қорытындысымен жергілікті маңыздағы жолдар пайдалануға беріліп жатыр.

Жол мәселесін шешудің бір жолы – оны күтіп ұстау. Айтуға оңай. Бірақ ол үшін де қыруар қаржы керек. Мәселен, 25 мың шақырым жол үшін 80 млрд теңге қажет. Бұл бюджетке айтарлықтай салмақ салады. Көлік министрлігі түйткілді тарқату үшін ақылы жолдардың санын көбейтуді көздеп отыр. Сол арқылы шығын орнын толтырмақ. Санын ғана емес, құнын да 20 процентке қымбаттатамыз, - дейді. Бұдан бөлек, оның ақысын уақытылы төлемегендерге автоматты түрде айыппұл салынады. Көлемі – 5 АЕК.

Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Шетелдік көліктерге де дәл осындай айыппұл салынады. Сонымен бірге шетелдік көліктерді бақылау бойынша тағы екі қосымша құрал қарастырылған. Біріншісі, Көлік инспекциясы оларды тоқтатып, айыппұл салу арнайы алаңға алып барады. Екіншісі, елден шығатын кезде шетелдік көліктер электронды талон алуы керек. Бұл талон айыппұлы бар, ақылы жолдарды төлемеген көліктерге мүлдем берілмейді. Яғни елдің ішіне кірген көлік ақшасын төлемесе, елден шыға алмайды.

Тағы бір өзгеріс. 2026 жылдан бастап жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынуы мүмкін. Үкімет осы арқылы жолдың сапасын жақсартуға ниетті.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жол жағдайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымдар азаймай отыр. Олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты. Мұндай мысалдар көп.Мәселен, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті — жаңадан төселген асфальт қолмен ұстағанда үгітіліп жатыр.Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті.

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы -96 000 шақырым. Оның 25 000-ы республикалық, қалған 71000-ы облыстық және аудандық жолдар. «Әлем картасында 9 орын алатын Қазақстан үшін бұл цифрлар аз, оның көлемін арттыру керек»,- дейді мамандар.