×

Көктемгі су тасқынына әкімдер «дайынбыз» дейді...

AstanaTV
25.02.2017ж. 20:00
2258
Көктемгі су тасқынына әкімдер «дайынбыз» дейді...

Төтенше жағдайлар қызметі қарайтын Ішкі істер министрі Қ. Қасымов осы аптада алда су басу қаупінің зор екенін жеткізді. Минстрдің айтуынша, өңірлерде құлайын деп тұрған 27, дәп қазір құламаса да, жөндеу керек 380 гидротехникалық қондырғы бар. Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы мен Қарағанды облысындағы Кеңгір қоймасы 84-85 пайызға толып, Өскемен су қоймасы мен Федоров қоймасы 97 пайызға шімпілдеп тұр. Ал қар енді еріп бастады. Әкімдер премьер-министрге төтенше жағдайларға «дайынбыз» депті. Олар ылғи дайынбыз дейді. Ең жаманы -  адамдар опат болатыны. Үкімет басшысының өзі «қоймалар мен плотиналардың жөндейтіндерін жөндеп, құлайын деп тұрғандарын қайта салу керек, сөйтіп мәселені түбегейлі шешейік» деген. Әйтсе де дәл қазір үлгермейтіндері даусыз. Көктем туды. Айжан Қуаш Қарағанды облысындағы су басу қаупі бар елді-мекендердің біріне барған. Арнайы репортажы.

«Су басу қаупі төнген жағдайда сіздер құнды заттарыңыз бен құжаттарыңызды алып, үйден шығарда электр энергиясы мен газды өшірулеріңіз міндетті».

Қарағанды облысының төтенше жағдай қызметкерлері елді-мекендерді аралап, су тасқыны кезінде сақтану ережелерін түсіндіруге кірісті. Ауылды жаңғыртқан дабыл балаларға ғана қызық.Үлкендерге қорқынышты.

Қадияза Қуанқызы, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің тұрғыны:

Нұра өзені бар. Дәл осы жерден өтеді. Сол тасиды ылғи. Қорқынышты. Су қалай болатынын ешкім білмейді.

Жылда көктемде сел жүретін Ботақара кентінің тұрғыны 82 жастағы Дүйсенхан атай тау болған қарды бір өзі аршып әлек. Бірақ алысқа апара алмайды.Қария арнасынан тасыған өзенге қардың суы қосыла ма,- деп алаңдаулы.

Дүйсенхан Сирақбайұлы, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің тұрғыны:

Мынау енді, үйді алып кетпесін деп былай қарай күреймін. Енді сарайды алады. Қораның төбесінен құйылады. Бұрын арт жағынан келіп,таяп барып қайтқан, әйтеуір алған жоқ. Әй, биыл енді алатын түрі бар. Ол алмаса да,маңайымыздағы мына қарлар алып кететін түрі бар үйді.Үйге кіріп кететін түрі бар. Мынау көріп тұрсыңдар ғой, қар деген пәленпай метр биік.

Күләй Жайқалғанқызы, Қарағанды облысы. Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің тұрғыны:

Міне үйдің құжаттары, оңайға қойып отырмыз. Шықсақ, ала жөнелеміз бе деп. Қорқамыз, су келсе қалай болады деп. Бұдан бұрын да су кеткен.Үйіміз ескі. Бір дегенде құлап түсе ме деп қорқамыз.

Буынып, түйініп отырған отанасы Күләй әже жылы киімдері мен ас-суын да жинап қойған. Су тасқыны бола қалса, өзіне ғана сенеді. Жуықта қар басқан үйлерінен әрең шыққандарын айтып мұңын шақты. Жергілікті әкімдік зейнеткерлер тұратын көшені қақсатып жүріп, әрең аршыпты.

Күләй Жайқалғанқызы,  Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің тұрғыны:

Үш күн сусыз жаттық. Қайта-қайта айттық әкімшілікке, кеше әзер аршып берші. 3 күн скорый да келмеді.

Ботақара кентінің әкімдігі қар ерісе қауіпті екенін біледі екен. Ауылдағы орта мектептің спорт залын эвакуациялық бөлім ретінде белгілеп қойған. Арнайы матрацтармен жабдықталған зал 100 адамды қабылдай алады.

Людмила Почебыт, Қарағанды облысы. Бұқар жырау ауданы, Ботақара кенті орта мектебі директорының орынбасары:

Қажеттілік туындаса ауылымыздың тұрғындарын қабылдауға дайынбыз. Залымыз жылы,әрі мектептің асханасы бар. Ыстық тағаммен тамақтандыра аламыз.

Бұқар жырау ауданы үшін Ботақара көлі қауіпті.Дала сулары жиналатын тоған Нұра өзеніне құяды. Аудандағы су шаюы мүмкін 39 ауылдың 15-і осы Нұраның жағасында.

Ботақара көліндегі судың деңгейі күздің өзінде 5 метр биіктікке көтерілген.Бұл өте қауіпті болып саналады. Көлдің суы көктемде еріген қармен қосылса, маңайындағы ауылдарды су шайып кетуі әбден мүмкін.Сондықтан суды біртіндеп ағызу процесі қазірдің өзінде басталып кетті.

Қуаныш Мүталапов, Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

Мынау судың тосқауыл жолдарының, бөгеттерінің жағдайы қазіргі таңда ең бастысы, сондай-ақ тоғандардағы қар мен судың мөлшері.Авариялық жағдайы қандай, осының барлығына зейін қоямыз.

Байқадам ауылының тұрғыны Дархан Исаев тоғандардан бұрын, тау болып үйілген тонна-тонна қар қауіпті екеніне сенімді. Халыққа билік көмектеспесе, бәрі суға кетеді,- дейді. 

Дархан Исаев, Қарағанды облысы, Байқадам ауылының тұрғыны:

Осы көмір қораға кіру үшін 3 метр қарды тазаладым. Ол үшін үш күнге жұмыстан сұрануға пришлось.Былтыр затоп болғанның өзінде мұндай қар болған жоқ. Су сырттан келген. Ал, биыл қардың бәрі ауылдың ішінде жатыр.

Құтқарушылардың есебінше, Қарағанды облысында биыл қар қалыпты жағдайдан 3 есе көп түскен. Салдарынан қарға лық толған 49 тоған 172 ауылға су басу қаупін төндіріп отыр. Әсіресе, Нұра өзені мен Кеңгірбай, Самарқанд, Федоров, Шерубай-Нұра суқоймалары арнасынан асса, аймақтың оңтүстік өңірлерін су басуы мүмкін.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

49 жаңағыдай суқоймалар, әрбір жылдары қауіп төндірген суқоймаларын бөлек есепке алып, әсіресе,су тасқыны кезінде оларға жеке көңіл бөліп қадағалап отырмыз.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысында 95 ауыл қауіпті аумақ санатында. Мамандар 60-тан астам елді мекеннің жан-жағына кішігірім құмды бөгеттер тұрғызып, ауыл ішінде арықтар қазыпты. Есіл өзенінің жағасындағы Былғары зауыт кентінде биіктігі 4, ұзындығы 800 метрден асатын дамба салынды. Жуықта құзыретті мекемелер Мағжан Жұмабаев пен Мамлют аудандарындағы үлкен көлдерде арық қазып, су деңгейін түсірмекші.

Асхат Бәкішев,  СҚО ТЖД төтенше жағдай жөнінде ескерту бөлімінің басшысы:

Қар орташа көрсеткіштен көп. Құм да ылғал. Сондықтан жағдай қиындау.Төтенше жағдай қорына 300 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат су тасқыны кезінде жұмсалатын шығар.

Қостанай облысында  59 елді мекенді су басу қаупі бар. 2 мыңнан астам үйді тасқыннан сақтап қалу үшін облыс бюджетінен 300 млн-нан астам қаражат бөлінген. 

Талғат Кәкімов, Қостанай облыстық ТЖД бастығы:

Жанар –жағармай 96 тонна дайындап қойдық, алып қолдануға болады. 326 инженерлік техника дайын. 126700 қапшық дайын. Арасына құм салып суды тоқтатуға біраз бөгет жасауға болады.

Құтқарушылар жағдай наурыздың аяғына қарай ушығуы мүмкін деп отыр. Солтүстік пен шығыста  дәл осы кезде күн күрт жылынады деген болжам бар. Көктем түсе аталған облыстардағы ондаған ауылдарды су басу «дәстүрге» айналған. Құзыретті мекемелер төтенше жағдайға «дайынбыз» деп рапорт беріп жатыр. «Таңғажайып» бола ма екен?! Негізі ел таңғажайып болғанын қалайды. 

Айжан Қуаш, «Біздің уақыт».