Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы зират қоюға байланысты пәтуә шығарған - Шариғат бойынша адамның бейнесін қашап, бюст, ескерткіш орнатуға рұқсат жоқ. Жарты ай бейнеленіп, қайтыс болған адамның аты-жөні, туған жылы мен өлген уақыты жазылады. Зират түйенің өркешінен биік болмауы тиіс»,- деген пәтуада. Ал өлген адамның суреті қашалып, ескерткіш орнатылатын, қымбат тастардан қаланып, зәулім зираттар салынатын елде бұл пәтуә орындала ма? Ришат Асқарбекұлы пәтуә мен қазіргі көріністі салыстырып көрді. Кредит алып кесене тұрғызатындар бар екен...
Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан «Кеңсай» - шаһардағы ең үлкен қорым. Мұсылмандардың мүрдесі қойылатын қабірге әлі күнге дейін зиялы қауым немесе қолы жеткен алматылықтар ғана туған туыстарын жерлей алады. Кеңес үкіметі кезінде өмірден өткен қайраткерлерге қабір басына мынадай түрлі ескерткіштер қою әдетке айналса, қазіргілер күмбездеп, үй іспетті алып құрылыстар салудан қымсынбайды.
Бұрынғы кесенелерді қарасақ, дені иіні қанып иленген кесектен тұрғызылған. Уақыт өте келе, саз кесек жаңбырмен үгітіліп жермен жексен болады. Шариғатта осы дұрыс саналады. Ал қазір сарайға бергісіз кесенелер, қамал етіп қоршалған зәулім мұнаралы қорымдар көбейіп келеді.
Мұхан Ықсан, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі, дінтанушы:
Дінімізде ережеден тыс жағдай бар. Еліне еңбегі сіңген атақты хан, сұлтан, би, батырлар. Бұлар халықтың есінде қалуы үшін, тағылымы халыққа жұғысты болу үшін басына күмбез тұрғызуға тұқсат берілген.
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабірді қоршаудың ережелерін ұсынды. Басқарма жанындағы Ғұламалар Кеңесі қорымдар аяқ асты болмау үшін тек сыртын ғана қоршап қою қажет деген пікір білдіріп отыр.
Мұхан Ықсан, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі, дінтанушы:
Біз қазір ҚМДБ-сы, оның ішінде Ғұламалар кеңесі Батыс өңірде ескіде сақталған ою-өрнекті сағана тастарды негізгі үлгі ретінде алып отырмыз. Егер халық мұсылман рәсімімен жерлеймін десе, осы үлгіні алсын деп халықты шақырып отырмыз.
Көпшілік қабірде құрылыс салуға болмайтынын білсе де, өзгеден қалмас үшін осы қадамға барады. Қоғамда діни алауыздыққа байланысты түрлі қөзқарастар да қатар өмір сүріп келеді. Оның үстіне қабір басына құрылыс салуға қатысты исламда бірнеше пікір қалыптасып, әр мазхаб ғалымдары түрліше пәтуа берген. Имам Абу Ханифа негізін қалаған ханафи мазхабы ғалымдарының пәтуасы бойынша, қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, ішіне белгі қойып, жазу қалдыруға рұқсат етіледі.
Жалаладтин Шәйкен, этнограф зерттеуші:
Тасқа бір рудың таңбасын салып, жаңағы бедерлеп, қашап, сол тас орнатқан.
Қазақ топырағына ислам дінінің келгеніне 14 ғасыр болды дейміз. Әр дәуірдің өзінің қабір тұрғызу мәдениеті болған. Ғалымдар осылардың бәріне құрметпен қарауымыз қажет дейді. Қазақ сахарасында өзіне өзі алдын-ала кесене салдырған оқиғалар да аз емес. Этнограф Жалалатдин Шәйкеннің дерегінше, Торғай өңірінде Ахмет Таңқа есімді ауқатты адам өмір сүрген. Ол көзі тірісінде моласын дайындатып қойған. Бірақ оны отарлаушылар келіп, ит жеккенге айдап әкетіп, сүйегінің қайда қалғаны әлі күнге дейін белгісіз.
Жалаладтин Шәйкен, этнограф зерттеуші:
Торғай даласында Ахмет Таңқаевтың тамы деген там бар. Кесене кәдімгі қызыл кірпіштен, күйдірілген кірпіштен салынған. Мысалы, 2 шеберді жалдаған, 2 шеберге сол ақысын 3 үйір жылқымен өтеген.
Мұндай үрдіс әлі де бар. Әсіресе Алматы маңындағы бейіттерден алдын ала орын сайлап, оны арнайы жазусыз, жай ғана қоршап қойғандарға куә болдық. Ал мынау Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратындағы атақты банкир Ержан Тәтішевтің қабірі. Ресми деректер бойынша қаржыгер аң аулап жүріп, оққа ұшқан. Артында қалған туыстары мен серіктері марқұмға «оқтұмсық» пішініндегі мазар салып, сыртын арнайы колонадамен көмкерген. Ал 2000 жылы автомобиль апатынан қаза тапқан Мәдина Ералиеваның зираты да осы маңда. Әйгілі әншінің басына да сәулеті жарасқан кесене тұрғызылған.
Досай Кенжетай, дінтанушы:
ДСоңғы кездері әркім мүмкіндіктеріне қарай, қалтасына қарай габаритін, көлемін үлкейтіп, тіпті екі қабатты етіп, әкесіне әспеттеп ескерткіш салғысы келіп жатады. Бұл жарыс қарасаңыз. Психологиялық мәселе. Бірақ біздің халық мұны ақылға салып шешкен, ертеден бері.
Дінтанушылар күмбезді құрылыс салу мәселесін ханафи ғалымдары күнәлі іс деп санамайтынын айтады. Ол халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетінен де алшақ кетпейді. Шариғатқа қарсы болмаса, неге одан бас тартамыз,- дейтіндер де осыдан шықса керек. Ал қарапайым адамдардың пікірі қандай.
Көшедегі адамдар:
Кейінгі кезде суретін қоюға болмайды деп естіп жатамыз. Бірақ артымызда қалатын ұрпақтарға кейін көрсеткенге, бейітін қалай табуға болатынын білу үшін суреті болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Енді ол қазіргі заманда әркімнің өз ойында ғой. Әркім өзі біледі, бұл енді заманда кімге не деп айтасыз? Өзіңіздің анаңыз бар, ертең жерлегенде айтасыз ғой, мынау былай болсын деп.
Біз Қытайдан келгенбіз, бізде ондай рәсім жоқ. Осы жаққа келіп көріп жатырмыз, Қазақстанға келіп. Енді бізде қоймаса дейміз.
Кесене орнаттың не, орнатпадың не, оның кеудесінен Алла -Тағалла аманатын алып кетті, рухын алып кетті.
Өлген адамның басына белгі қою үрдісінің жарысқа айналғанын жаңа айтқанымыздай, мына қорымнан-ақ байқауға болады. «Заманына қарай – амалы» деп, салтанаты келіскен құрылыс нысандарын салу «Кеңсай» зиратында қалыпты жағдай. Сан ғасырдан бері қалыптасқан мазар мәдениетінің бұзылғанын дін өкілдері ғана сынайды.
Досай Кенжетай, дінтанушы:
Біз мұсылманбыз. Орта жолды ұстануымыз керек. Жарыс емес, өлікке құрмет көрсетудің де өзінің этикасы болады. Оның бәрі біздің дінімізде бар. Ғибадат та да, ақлақта да өлшемдері берілген. Біз соны халыққа ұсына білуіміз керек. Мүфтиятың қателігі, мазар мәдениетіндегі діннің орнын саралап, халыққа жеткізуі керек. Ал содан соң пәтуаны халық өзі-ақ бере береді.Алматыдағы барлық зираттың көлемі 827 гектар жерді алып жатыр. Бейіттерді өз балансына алған арнайы ритуалдық қызмет көрсету комбинатының дерегінше, шаһарда қазір 1,5 гектар ғана бос орын бар. Жақында «Думан» ықшам ауданынан қосымша 92 гектар аумақты алатын қорым ашылмақшы. Көрді қазу, олардың жалпы сыртқы қоршауы және инфрақұрлымымен айналысатын мекеменің өкілдері де қабір басының біркелкі болуы үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз,- дейді. Ол үшін қазір арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр, жақын уақытта қоғамдық талқылауға ұсынылмақшы.
Марат Исмаилов, Алматы қалалық салттық қызмет көрсету арнайы комбинаты директорының орынбасары:
Біз бұған дейін де бірнеше рет бұл мәселені үкімет деңгейінде көтерген болатынбыз. Яғни қабірдің басын қоршаудың талаптарын бекіту керек деп есептейміз. Десе де бұл әркімнің өзінің ақылмен шешетін шаруасы болғандықтан, тікелей әсер ете алмай келеміз. Еліміздің кейбір аймақтарында өмірден өткен адамның басын тұрғызу үшін көрікті мазарлар салуға банктен несие алатындар да бар.
Әлемдегі мұсылман мемлекеттерінде бұл мәселе өркениет жолымен шешілген. Дін талаптарын қатты сақтайтын Түркияда қабірді жеке-жеке қоршау үрдісі мүлдем жоқ. Біркелкілікке мән беріледі. Ал 250 млн. мұсылман өмір сүретін Индонезия мемлекетінде қабірге ешқандай жазу жазылмайды. Білектей тас қойылып, оған мата жабылады. Қазақстанда соңғы жылдары арабтың мәдениеті мен діни қағидаларын ұстанатын топтар да қалыптасқан жерлеу салтына көңілдері толмай, қабір басына белгі қоюға қарсы шығып жүр.
Досай Кенжетай, дінтанушы:
Сәлефилер мұны шірік деп қабылдайды. Мазарға табыну, молаға табыну дегендерді. Әр нәрсенің өз жолы бар. Бір өзен болса, оның екі жағалауы бар. Бізде ислам айтады, ол екі жағалауды емес, орта жолды ұстану керек дейді. Біз сол орта жолды таба алмай жатырмыз. Сәлефилер айтады: мазарды қиратыңдар дейді. Ал біздің бүгінгі қоғамда мазарды екі қабат қылып жатырмыз. Мрамормен оюлап. Сол орта жолға түссек, ешкімге күлкі болмаймыз.
Сонымен мүфтият жанындағы ғұламалар кеңесі қабылдаған қағида өміршеңдігін көрсете ме? Пәтуа - қатып қалған заң емес. Десе де, имамдар қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтеріліп, оның басына аят, құраннан үзінді жазып, елеусіз белгі қоюға үндейді. Тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір жер екені аян. Біздің уақытта қалғанының бәрі ысырап пен даңғазалық, дейді дін өкілдері.
Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».