$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысындағы мектепке дейінгі ұйымдарда 500-ден астам заң бұзу әрекеттері анықталды

AstanaTV
11.07.2024ж. 07:12
349
Қызылорда облысындағы мектепке дейінгі ұйымдарда 500-ден астам заң бұзу әрекеттері анықталды

Прокурорлар мектепке дейінгі ұйымдарда 500-ден астам санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Қызылорда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Мәселен, Байқоңыр қаласының үш балабақшасында тамақ өнімдерін (ыдыс-аяқ, нан тақтасы, шикі көкөністер, үй кеспесі) микробиологиялық зерттеу нәтижелерімен ішек таяқшалары анықталды.

Осындай дерек Сырдария ауданындағы балабақшалардың бірінде орын алды.

Сонымен қатар, Жалағаш ауданындағы екі балабақшада жарамдылық мерзімі өтіп кеткен кондитерлік және сүт өнімдері (печенье «Юбилейное», «Пионер», қаймақ «Буренушка») берілген.

Шиелі ауданындағы төрт мектепке дейінгі ұйым осы күнге дейін санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп келген.

Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Сырдария, Қармақшы және Жалағаш аудандарының балабақшаларында дәлелді себепсіз іс жүзінде бақшада болмаған балаларға қызмет көрсету үшін ақы төленген (ауруы туралы медициналық анықтама немесе арыз болмаған), соның салдарынан бюджеттен 22 млн теңге көлемінде қаржы негізсіз аударылған.

Сырдария ауданында жалған дипломмен 11 тәрбиешінің жұмыс жасау фактісі анықталды.

«Материалдар арыздар мен хабарламаларды есепке алу кітабына тіркеліп, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Сырдария ауданының полиция бөліміне жіберілді»,-делінген хабарламада.