$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Оралдық жеткіншектің өліміне себеп болған құбыр иесі іздестірілуде

11.07.2024ж. 20:00
192
Оралдық жеткіншектің өліміне себеп болған құбыр иесі іздестірілуде

Оралдық 12 жастағы Аман Сейфолланы тірідей "жұтып қойған" су соратын қондырғының иесі әлі табылған жоқ. Амалы таусылған шенеуніктер қанды құбырдың қожайынын анықтау үшін "Жайық-Каспий бассейні" инспекциясына хат жолдапты. Айта кетелік, жеткіншектің құбырға кептетілген денесі Деркөл өзенінен шығарылған болатын. Өрімдей өреннің өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалса да, өзеннен су соратын құрылғының жұмысы әлі тоқтатылмапты. Ал Аманның қайғыдан қан жұтқан анасы дәл осы қондырғыдан бес-алты жыл бұрын тағы бір баланың денесі табылғанын айтады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мына құбыр арқылы ауыл тұрғындары өзеннен су алып, бау-бақшасын суарады. Бірақ мына жер қоршалмаған. Арнайы белгілер қойылмаған. Бірақ осыған қарамастан ауылдықтардың суға түсетін жері осы тұс болып тұр.

Көктемгі су тасқынынан кейін тұрғындар осы маңайды жиі үйірсектейді. Өйткені басқа жер шомылуға жарамсыз. Солай деген шенеуніктер мұнда суға түсуге болмайтынын айтса да, ескерту белгісі жоқ. Орнында жарнама тұр.

Мейрамгүл ЕСЕТОВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Балалармен баратын. Ағасы да баратын еді. Осы жолы бармай қалып тұр ғой, бірге шықпай тұр. Шыдай алмай артынан барған. Келгенде үлгіре алмай тұр ғой ағасы. Жүзу білетін бала негізі. Жақсы жүзеді. Тек насосқа тап болғаны болмаса. Насос ұстап қалмаса аман қалатын еді балам.

Су астындағы құбырға жұтылған Аманды құтқарып алуға ұмтылған ересектердің де күші жетпеген. Кейін көмекке келген төтеншеліктердің өзі құбырды арнайы құрылғымен кесіп, баланың денесін құрсаудан шығарыпты. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш еді.

Болат ЕСЕТОВ, БАЛАНЫҢ АТАСЫ:

Аяғын тұрба сорып алған. Мына сол аяғы екі бүктеліп, тұрбаның ішіне кіріп кеткен. Тіпті айыра алмаған, міне рубильник көріп тұрсыз ғой. Кілттеулі тұр. Проводын тартып үздік дейді қасында тұрған жігіт, әлі жетпеген. Баланы суыра алмаған. Тұрбаның аузында сетка болуы керек қой. Тұрба су сорғанда балық та, бірдеме де, мусор да өтіп кетуі мүмкін. Тұрбаның аузы деген үлкен.

Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, адам өлімін жазатайым оқиға ретінде тіркепті. Бір қызығы, су соратын қондырғының қожайыны кім екенін әлі ешкім білмейді.

Тұрсынбек УӘЛИХАНОВ, ДЕРКӨЛ КЕНТТІК ОКРУГІ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 "Жайық-Каспий" бассейні инспекциясына хаттар жолданды осы поливной тұрбалардың қожайындарын анықтау үшін. Осы тұрбалар көп Деркөл кентінің аумағында. Дача көп, қожайындарын таба алмай қалады. Оны іздеп, анадан-мынадан сұрап, хат жазатын моменттер де болады.

Ұлынан айрылған ананың айтуынша, бес жыл бұрын дәл осы құрылғы суға шомылған тағы бір баланы тірілей "жұтқан" екен. Бірақ ешкім жауапқа тартылмапты. Күйінген келіншек су түбіндегі "қақпанға" басқалар арандамасын деп алаңдаулы. Өйткені қызғалдақ ғұмырды қыршынынан қиған қанды құбыр әлі жұмыс істеп тұр. Ауыл әкімдігінің дерегінше, өзен бойында осындай он шақты қондырғы бар. Көбінің қожайыны белгісіз. Енді оларды токтан ажыратып, иесін түгендемек.