$480.61 €534.53 ₽5.28
×

"Жаңбыр жауса, күніміз қараң",-тұрғын

AstanaTV
11.07.2024ж. 20:00
147
"Жаңбыр жауса, күніміз қараң",-тұрғын

Алматы облысындағы Жалқамыс ауылында мәселе көп. Тұрғындардың билікке өкпе-назы жетерлік. Жол сұрағандарына 10 жыл болған. Бірақ, ол әлі күнге арман болып тұр дейді.

Айдана ШАЛҚАР – ТІЛШІ:

«Жаңбыр жауса, күніміз қараң!» Бұл – Жалқамыс ауылы тұрғындарының жан айқайы. Жауын-шашын болса көшеде аяқ алып жүру мүмкін емес. Адам түгілі көліктердің өзі балшыққа батады.

Жұдырықтай жұмылған Жалқамысшылар базыналарын айтып әкімдіктің есігін есепсіз қағып, табалдырығын талай тоздырған. Әйтсе де, атқамінерлер сылдыр сөз, құрғақ уәдемен халықты әбден тойдырып біткен.

Перизат ТІЛЕУЛИЕВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Былай қарай машина жүре алмайды, бұл бір. Екіншіден, скорый шақырсақ келмейді, неше түрлі адам бар, кейбір скорый ұрысып кетеді өзімізге есіктеріңіздің алдында көлік бар екен, неге бармайсыздар өздеріңіз деп. Ал мына жолда батпақтап көлік шыға алмаса, біз қалай барамыз?

Гүлзира ҚАЛЫБЕКОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бір дамымай қалған елде тұрғандаймыз ғой, көріп тұрсыз отырысымыз міне. Жеріміз мынау, освещение жоқ, даже столбы құлайын деп тұр, суымыз жоқ насоспен отыр.

Кедір-бұдыр жол – әсіресе, оқушылардың басты әлегі. Нөсер құйса, сөмкелеріне қосымша аяқ киім салып алады. «Кейде аяқтан сыз өтеді»-дейді тұрғындар.

Дінислам НҰРКЕЛДІҰЛЫ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Көктемде, күзде мектепке бара алмай қаламыз аяқ киімнің бәрі балшық боп. Мектепке барсақ, апайлар ұрысады аяғың балшық деп.

Гүлзира ҚАЛЫБЕКОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Балаларымызға сентябрьде пакет кигіземіз, пакет жыртылады. Пакет жыртылған соң аяқ киім жыртылады. Бір сезонда 3 рет аяқ киім ауыстырамыз, сенесіз ба?

Ашынған әлеуметтің ащы айқайын естіген соң, көп сауалға дөп жауап алайық деп Қайнар ауылдық округі әкімдігіне бардық. Әкім Нұрбол Есенбаевтың айтуынша, сұраныс жолданған, әрі қарайғы тірлік қаражаттың бөлінуіне байланысты болады.

Нұрбол ЕСЕНБАЕВ – ҚАЙНАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Енді биылғы уақытқа негізгі бюджетке қарастырылған, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алудың қорытындысына сәйкес жұмыстар атқарылады. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы заңмен бекітілген нәрсе.Светке кеп тоқталатын болсақ, свет ауылдың бас жоспарына былтырдан бастап кірген Наурызбай көшесі, Желтоқсан көшесі. Біздің тараптан сұраныстар берілді.

Шенеунік тас жол қыркүйекте төселеді деді. Тұрғындардың талап-тілегі орындала ма әлде баяғы жартас сол жартас күйі қалмақ па? Ол уақыт еншісінде.