Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарлық полицейлер кейбір заңдарға өзгерту енгізуді сұрап отыр

AstanaTV
24.02.2017ж. 20:00
2588
Қызылжарлық полицейлер кейбір заңдарға өзгерту енгізуді сұрап отыр

Маскүнемге айыппұл салу - жаза емес. Қызылжар полицейлері араққұмар азаматтарға қатысты жазаны қатаңдатуды көздеп отыр. Олар, ішімдікке берілген кісі тек қара жұмыстың арқасында ғана есін жияды, деп санайды. Ал отбасында жанжал шығаратын еркектердің әрекетін қалай тию керек? Полицейлердің ұсыныстарын Абзал Құрманкин білді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тәртіп сақшылары көшеде ішімдік ішуді түбегейлі жоюды діттеп отыр. Осыған дейін халық көп шоғырланған орындарда тентек суды тұтынған азаматтарға айыппұл салынатын. Алайда, адамдар бұл жазаға мән бермейді, деп санайды полицейлер.

ІІД дерегінше, былтыр қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 12 мыңнан астам адам əкімшілік жазаға тартылды. Оларға барлығы 114 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірақ оның тек 45 пайызы ғана өтелген. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ішімдікті қоғамдық жерлерде әдетте маскүнемдер мен жұмыссыздар тұтынады. Демек, қолына тиген ақшасын олар айыппұлды өтеуге емес, қайтадан араққа жұмсайды.

Қанат Айтбаев, СҚО жергілікті полиция қызметінің басшысы:

Әкімшілік кодекстің 440-бабында қоғамдық орында ішімдік ішкен адам айыппұл төленеді. Бірақ, осы заңбұзушылықпен ұсталған маскүнемдер айыппұлға мүлдем міз бақпайды. Бұны тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан біз бұл заңды қоғамдық жұмыстарға ауыстырғымыз келеді. Қара жұмыс істеген адам ғана өзінің қателік жасағанын түсінеді.

Тәртіп сақшыларын тағы бір мазалап отырған мәселе - отбасындағы жанжал. Шаңырақтың шырқын бұзатын отағасы өзгеріске ұшыраған Қылмыстық кодекстің 108-ші бабы арқасында жазадан сытылып кетеді, дейді полицейлер. Осыған дейін құқық қорғау органдары Әкімшілік кодекстің 79-бабына сәйкес әйелін соққыға жыққан ер адамды 15 тәулікке дейін қамауға алуға құқылы еді. Алайда, 2015 жылы бұл заң Қылмыстық кодекстің 108-бабына ауыстырылған болатын. Енді полицейлер жанжал мәселесін тек сотқа ғана жолдай алады.

Қайсар Қанафин, СҚО жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

Учаскелік инспектор айтады сіз арыз жазыңыз. Біз оны жеке түрде сотқа жібереміз. Сотта ол кісіге айыппұл салады. 200 АЕК. Бұл 400 мың теңгеден аса. Ол отбасылық бюджетке тағы да қиын. Сосын жұбайы арыз беруден бас тартады. Сол проблема.

Полицейлердің айтуынша, жыл басынан бері дәл осындай жағдаймен 3 әйел адам арызын қайтып алып, іс сотқа жетпеген. Ал бұл процесс кейін де қайталанатынын жеткізді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жалпы, жиын барысында полицейлер заң шығару орган өкілдеріне 5 мәселе бойынша өзгеріс енгізу туралы ұсыныс білдірді. Осылайша, Әкімшілік кодекстің кем-кетігі жамалады дейді. Құқық қорғау органдарының ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылған ұсыныстар  заң шығарушы институттарға жолданбақ.