$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Аргентинада қалың қар жауып, шаруалар зардап шекті

12.07.2024ж. 20:00
159
Аргентинада қалың қар жауып, шаруалар зардап шекті

Енді суға түсу үшін көлге баратын халықтың саны тіпті артуы мүмкін. Өйткені алдағы төрт тәулікте күн қатты ысиды. Бұл – біздің елде. Ал, өзге мемлекеттерде жағдай басқа. Мәселен, Аргентинаның Патагония аймағында қалың қар жауып, шаруалар зардап шекті. Фермерлер ақ ұлпаның мол түсуінен жайылым жерге жете алмай, мал қырылып жатыр. Тасқынның астында қалған елдер де бар. Әлемнің жәйін толығырақ Аружан Задабек айтады. Эфирде – «Жер-жаһан» айдары.

Қайырлы кеш, көрермен! Бейсенбінің кешінде қауышқаныма қуаныштымын. Бірақ әлемдегі жағдай көңілді құлазытып тұр. Біраз мемлекет толассыз жауған жауынның астында қалды. Оңтүстік Кореядан бастайын. Табиғаттың тосын мінезінен 5 адам қайтыс болды. Жоғалып кеткендері тағы бар. Бұл аймақта небәрі бір сағаттың ішінде 130 миллиметр жауын-шашын түскен. Салдарынан үйлер қирап, су қоймалары бүлінді. Қазір құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап жатыр. 3500 адам көшірілді. Бірақ қауіп сейілген жоқ. Тағы 50 елдімекенде лай көшкіні болады деген болжам бар.

Вон МИНСИК, ТҰРҒЫН:

Менің үйімнің жанындағы осы жертөленің барлығын су басқан. Мұндай жағдайдан кейін материалдық шығын артты. Не істерімізді білмей қалдық. Жауаптылар өзге аймақтарда тағы осындай оқиға қайталануы мүмкін деді. Қорқып отырмыз.

Тибетте де су тасқыны мен лай көшкіні жүрді. Таулы жердің топырағы толассыз жаңбырдан кейін лайланып, жылжыған. Тау бөктеріндегі жолдарды батпақ басып, көпірлер қирап қалған. Қазір қауіпті аймақта 130 адамның қалып қойғаны белгілі. Арасында туристер де бар. Синоптиктер елдің оңтүстік-батысында жауын-шашын әлі бірнеше күн жалғасады, - дейді.

Тасқын Үндістанға да жеткен. Бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан өзендер арнасынан тасыған. 133 ауыл су астында қалды. Мыңдаған гектар егіс алқабы зардап шекті. Қаза тапқандар бар.

 Уттар ПРАДЕШ, МИНИСТР:

Шілде айының алғашқы аптасында жауған толассыз жауын салдарынан бірнеше ауыл су астында қалды. Жағдщай күрделі. Қазір құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

АҚШ-тың Калифорния штатында ормандар отқа оранып, өрт ырық бермей тұр. Тілсіз жау осы уақытқа дейін 100 шаршы шақырымнан аса жерді жалмап үлгерген. Ыстықтың кесірінен әзірге қызыл жалынды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Әзірге менде бар ақпарат осы. Қандай жаңалық болмасын көңіліңізді мұң шалмасын! Әлем тыныш болсын!