Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Кейкі батырдың кесенесі Торғай жерінде бой көтеретін болды

AstanaTV
24.02.2017ж. 20:00
4134
Кейкі батырдың кесенесі Торғай жерінде бой көтеретін болды

Кейкі батырдың кесенесі Торғай жерінде бой көтеретін болды. Бұл жайында Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов халыққа есеп беру жиынында айтты. Оған демеушілердің қаражаты жұмсалмақ. Ал есеп беру жиынына қатысқан жұртты қандай мәселе алаңдатады? Әріптесім Заңғар Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

Бұл өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтың Қостанай облысы жұртына алғашқы есеп беру жиыны. Әдеттегідей атқарылған жұмыстар тізбектелді. Мұнан соң сұрақ-жауапқа кезек келді. Амангелді ауданынан ат қыраулатып жеткен Есім Дауылбай өлкедегі су бөгеттерінің жағдайын жеткізіп, көктемгі тасқын кезіндегі қауіптің алдын алу керектігін ескертті.

Есім Дауылбай, Амангелді ауданының тұрғыны:

Тасқын суды пайдалану кезінде кейбір бөгеттердің өз деңгейінде жұмыс жасамай жатады. Атап өтетін болсам «Машдвор» және «Қызыларық» деген. Сол бөгеттердің жөндеуі туралы не айтар едіңіз?

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

Аудан әкіміне және облыстық табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқармасының басшысына тапсырма берем. Осы бір айдың ішінде ұсыныстарыңызды енгізіңіздер. Жобалық - сметалық құжаттар дайындау керек. Одан кейін жергілікті бюджеттік комиссияға ұсыныс беру керек.

Жалпы, жергілікті халықты ауыл-аудандарды жалғайтын жолдар мәселесі, тариф мәселесі, азық-түлік бағасын тұрақтандыру жайы толғандырды. Әкім тұрғындар көтерген мәселелер ретімен қаралатынын айтты.

Заңғар Санай, тілші:

Архимед Мұхамбетов  Қостанай облысы үшін  биылғы жылды  «Тарихқа тағзым жасау» жылы деп жариялады. Игі бастама аясында аймақтағы Ыбырай Алтынсариннің мавзолейі жаңа кейіпке енеді. Амангелді жерінде Кейкі батырдың кесенесі салынса, шаһар орталығында Шақшақ Жәнібектің ескерткіші бой көтеретінін айтты. Сонымен қатар Тобыл өңірінде халықаралық сабантой өткізу жоспарланып отыр. Мәдени шараға Қостанайдағы диаспора өкілдерімен қатар Татар Республикасынан шақырылған қонақтар қатысады деді.

Заңғар САНАЙ