Денесінің бірнеше жерінде жарақаты бар 2000 жылы туған әйел облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөліміне 13-шілде күні түнде сағат 22:40 шамасында жеткізілген. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқасты кезекші хирург, травматолог пен реаниматолог дәрігерлер тексеріп, зертханалық анализдерін қарап, шұғыл түрде операция жасаған, - KAZINFORM.
- Науқастың диафрагма мен бауыры, ішкі қабырғалары, өкпе тіндері зақымдалған. Қол-аяқтың жоғарғы және төменгі бөлігі бірнеше рет пышақталған. Науқастың аяғы ауыр, жүктілігі - 10 апта.
Қазір науқастың жағдайы - тұрақты ауыр. Есін біледі. Гемодинамикасы тұрақты. Жансақтау бөлімінде емделіп жатыр, - дейді аурухананың баспасөз хатшысы Жұлдыз Қалиева.