$494.87 €520.65 ₽4.91
×

“Тамызда ұзатылады”: Селде қыздарымен ағып бара жатқан әйелдің видеосы тарады

AstanaTV
15.07.2024ж. 15:18
305
“Тамызда ұзатылады”: Селде қыздарымен ағып бара жатқан әйелдің видеосы тарады

Қырғызстанда анасы мен 3 қызын сел ағызып кетті, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жантүршігерлік видео жариялады. Селде ағып бара жатқан адамдардың шырқырап көмек сұраған сәті видеоға түсіп қалған. Өкінішке қарай, бір отбасының 4 адамын ешкім құтқара алмады.

"Қырғызстанның Оңтүстігіндегі Ош қаласында апта бойы толассыз жаңбыр жауып, арты селге айналды. ТЖМ мәліметінше, 5 адам із-түссіз жоғалып, іздестірілуде. Арнасынан шыққан Ақ бура өзені ауыл көшесін кесіп өткен. Жолындағы үй, аула, ғимараттарды бұзып, адам тұрмақ көліктерді ағызып әкетті", - деп жазды журналист.

Сел ағызған бір отбасының 4 адамы сол күні демалыс аймағына келген екен. Бүгін 6 жасар кенже қыздың денесі Өзбекстан аумағынан, анасының мәйіті жолдан табылған. Қалған 2 қызды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қыздардың ата-анасы ұзақ жыл Ресейде гастербайтер болып, жақында ауылына келген. 19 жасар қыздың тамыз айында ұзату тойы екен. Өкініштісі, сел ағызып кеткен бойжеткеннің денесі әлі табылған жоқ.