$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда балықшылар жаңа талапты түсіндіруді талап етті

AstanaTV
27.02.2017ж. 20:00
4314
Атырауда балықшылар жаңа талапты түсіндіруді талап етті

Атырауда балықшылар шу шығарды. Олар көктемгі балық аулау маусымы таяған кезде әкімдіктің жаңа талап қойғанына наразы. "Шенділер 40 аттың күшіне тең қайықтармен балық аулауға тиым салды. Біз мұндай құралды бірнеше жылдан бері пайдаланып келеміз", - дейді олар. Қайықтарын қыруар ақшаға алып, несие төлеп отырмыз деген наразы топ бұл өзгеріс туралы балық аулау маусымы басталардың алдында ғана білгендеріне қынжылады.

Моторлы қайықтарын сайлап, аулау құралдарын қамдап, көктемгі балық аулау маусымына сақадай сай отырған балықшылардан соңғы екі күннен бері маза қашқан. Жаңа ереже бойынша, су айдынына тек 20 аттың күшінен аспайтын моторлы қайықпен шығу талап етіледі. Ал жылдар бойы 40 аттың күшімен тең моторлы қайықтарға берілген рұхсат бойынша, миллиондаған теңгеге несие алған балықшылар бұған түсіне алмай отыр.

Нұржан Қайыров, балықшы:


Баратын жеріміз қашық. Бірінші өзектен шықпаймыз, үшінші өзектен шығуға рұхсат берді. Шыққаннан кейін 23 км дейін балық аулауға болмайды. Егер де біз 15-тік, 5-тік мотормен шығатын болсақ, қайыққа салған балығымыз 500 келі болатын болса, соны сағатына 5-8 шақырым жылдамдықпен келеміз. Оған 8-9 сағат уақыт өтеді. Екі ортада жел болатын болса, суға кетіп өлеміз. Ал тайызбен жермен жүрейін десең, ол жерге рұхсат жоқ.

Қуаныш Шанбаев, балықшы:

Кредитке алған моторлар бар. Ешқайда өтпейді. 20-лық моторымыз жоқ.  40-тыққа билет берсін. Сұрайтынымыз. Бәрі балы-шағасын сонымен асырап отыр. Өзім 6 адам асырап отырмен, жұмысқа шықпай қалсам, оларға нан жоқ.

Жергілікті атқамінерлер болса, 2013 жылы қабылданған «Уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тиым салынған айдындардағы су қозғалысының ережесін» алға тартады  Наразы топты заңсыз балық аулаушыларға теңеген шенеунік, енді олардың жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуін талап етеміз, дейді.

Сырым Рысқалиев, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Сіз айтып отырған категория адамдарыңыз балықшылар емес, ол кооперативтің мүшелері емес. Бұл категория адам заңсыз балық аулап жүрген азаматтар деп айтуға болады. Олардың қолданыстағы қайықтары мына заңға сәйкес емес, олардікі тип деп жазылады, судно, мында прогулочный деп жазылған, промысловый деп жазылмаған. Балық аулауға арналмаған.

Қабылданғанына 4 жыл болған ережеден балықшылар түгілі, балық шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары да хабарсыз боп шықты. Олар жұмыссыз қалған балықшыларға өз қайықтарын ұсынбақ.

Орынтай Ахметов, «Тілекші» ЖШС директоры:

Жалғыз мен емес, бәрі де білмейді. Кеше айтқан кезде, бәрі білмей тұр ғой, кооперативтердің бәрі кеше білмей тұр. Бізге осын жақында айтып тұр ғой. Өзімізде 34 қайық бар. Балықшылар келіп жатыр. Мен өзімнің қайықтарымды беріп жатырмын.

Аймақта 19 табиғат пайдаланушы кәсіпорын бар. Олар көктемгі балық аулау маусымына наурыздың аяғында кірісуі керек.  Бар-жоғы 1 айға созылатын кезеңде өздеріне бөлінген лимитті орындай ма, жоқ па - белгісіз. Өйткені олардың барлығы дерлік, осындай жеке балықшылардың көмегіне сүйеніп жүргендер.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ