$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Оралдық кәсіпкер тендерге қатысамын деп дауға қалды

17.07.2024ж. 20:00
311
Оралдық кәсіпкер тендерге қатысамын деп дауға қалды

Оралдық кәсіпкер Назгүл Жұмағұлова тендерге қатысамын деп дауға қалды. Айтуынша, ауыл мектептерін ас-сумен қамтығанына 15 жылдан асқан. Содан бері жұмысынан кінәрат табылмапты. Бірақ қызметін кеңейтіп, қалаға ауысуы мұң екен, тіпті ұтып алған тендерінен айрылып қалатын болған. Дұрыстығын дәлелдеп соттасамын деп жүргенде "қара тізімге" қалай іліккенін де білмей қалыпты. Өйткені құзырлы органдар тырнақ астынан кір іздеп, соңғы үш жыл бойы ісім ілгерілемеді, дейді кәсіпкер.

Жалғас СЕРДАЛИЕВ, ҚОРҒАУШЫ:

Аудит департаменті мен осы сот тарапынан заңсыз шешімдер қабылданды деп есептеймін. Өйткені "Ерсайын" ШҚ жеңімпаз болып танылған конкурстарды аудит департаменті бұрмалап, әртүрлі себептер тауып, өткізбеудің амалдарын қарастырып, хат жолдап отырады. Былтыр "Атамекен" конкурсына "Ерсайын" ШҚ қатысып, жеңімпаз болып танылады. Алайда "Атамекен" лагері басқа ТОО-мен отырып, заңды айналып, ақшаның бәрін сол ТОО игеріп кетеді. Биыл да сол қайталанып жатқа жағдай.

Ал мемлекеттік ішкі аудит департаменті мұны қалыпты жағдай дейді. Өйткені бәрі заң аясында деп сендірді.

Рафхат ЖҮСІПОВ, БҚО МЕМЛЕКЕТТІК ІШКІ АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

"Ерсайын" шаруа қожалығынан шағым түскен болатын. Департаментпен шағым қарастырылып, дәлелдемелер расталған болатын. "Атамекен" орталығы сол хабарламамен келіспей, қаржы министрлігіне қарсылық білдірген болатын. Қаржы министрлігі ол қарсылықты қолдамайды. "Атамекен" орталығы сотқа жүгінген болатын. Яғни олардың заң аясында жүгінуге құқықтары бар. Ақша төлеу, тағы да басқа сұрақтар бойынша департаменттің құзіретіне кірмейді.

Кәсіпкер мұның бәрі қала мектептерін өзара бөліп алған алпауыттардың ықпалымен болып отырғанын айтады. Солардың кесірінен өзі конкурсқа қатыса алмаған. Басты қарсыласын осылай шеттеткен өзге кәсіпкерлер құжатын қолдан жасап, тендерді ұтып алған. Мұны құзырлы органдар да елемеген сыңайлы.

Назгүл ЖҰМАҒҰЛОВА, КӘСІПКЕР:

Қазіргі таңда менің өзім де жұмыссыз қалайын деп тұрмын. Менің қарауымдағы 60 кісі де жұмыссыз қалайын деп тұр. Олар ата-аналар деген сол мектептің ата-аналары менің жұмысшыларымның бәрі. көпбалалы аналар қарап отырсақ. Бәрі де жұмыссыз қалайын деп отыр. Қайда барарымызды білмейміз.

Тендерге таласамын деп қара тізімге кірген кәсіпкер бүгінде жосықсыз жеткізуші деп танылған. Енді екі жыл бойы мемлекеттік тапсырысты орындауға қатыса алмайды. Бұған келіспеген ол Жоғары Сотқа да шағымданыпты.