$479.05 €534.57 ₽5.17
×

БҚО-да жазатайым зардап шеккен балалар көбейіп барады

19.07.2024ж. 20:00
194
БҚО-да жазатайым зардап шеккен балалар көбейіп барады

Жаз басталғалы Батыс Қазақстан облысында 5 бала суға кетсе, 17 өрен жол апатынан зардап шеккен. Бүлдіршіндердің жоғары қабаттан құлау дерегі жиілеп тұр. Абайсызда ауруханаға түскендердің саны мыңға жуықтапты. Жауапты органдардың жұмысын пысықтаған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев жазатайым жағдайға жол бермеуді тапсырды. Бұған ережені ескермейтін мопед-скутерлер де себеп. Бүгінде Оралдың өзінде осындай техника 300-ден асқан. Бірақ оны жалға берушілер қауіпсіздікті ескермейді. Полиция мопед мінген 200 адамды жауапқа тартса да, мектептегі қауіпсіздік ақсап тұрғанын жасырмайды.

АРМАН ОРАЗАЛИЕВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бейнекамералар 360 мектепте 76 ғана орнатылған. 76 мектеп 20 пайыз жалпы. Ал қалада 60 мектепте 36 ғана. Ол - 60 пайыз. Мемлекеттік сатып алу процедурасын қате өткізуге байланысты 26 орта білім беру мектептерінің бейнекамералары жедел басқару орталығына қосудан айырған.

Өңірдегі өзен-көлдер де шомылуға лайықталмаған. Бұл аздай көктемгі тасқыннан кейін олардың айналасы түрлі қоқысқа толды. Бірақ жабайы жағажайды жағалайтындар бұл қауіпті елемейді. Құр ескертуден ештеме шықпасын түсінген құтқарушылар қазір су түбін тазалауға кіріскен.

Оралбек ҚҰМАРҒАЛИЕВ, ҚҰТҚАРУШЫ:

Су түбін зерттеу, тазалау жұмыстары кезінде су тасқынының салдарынан қалған қоқыстар, темір-терсек, бөтелкелердің табылуы көптеп болып жатыр. Осы орайда тек белгіленген жерде суға түсуге қала тұрғындары мен қонақтарын суға шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды шақырамыз.

Аймақ басшысы қауіпсіздікке жауапты құзырлы органдардың жұмысын өзара үйлестіруді тапсырды.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БҚО ӘКІМІ:

Құзырлы мемлекеттік мекемелер балаларды қауіптен барынша қорғауы тиіс. Ата-аналар да шетте қалмауы керек. Полиция және Төтенше жағдайлар департаментіне әрбір факті бойынша тергеу жүргізуді тапсырамын. Нәтижелер бойынша маған қорытындысын жеке баяндаңыздар және сол қорытындыға сәйкес тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.

Өңір басшысы қайғылы жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жандандырудың маңызына тоқталды.