$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Көшпенділер ойынында командалық есепте бірінші орын аламыз деген ниеттеміз", - М. Қыпшақбаев

19.07.2024ж. 20:00
542
"Көшпенділер ойынында командалық есепте бірінші орын аламыз деген ниеттеміз", - М. Қыпшақбаев

Бүткіл түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойындарының басталуына 50 шақты күн қалды. Додаға 89 елден 2 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар 21 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жеңімпаздарға берілетін сыйақы мөлшері де жоғары. Командалық спорт түрлерінде топ жарғандар 10 миллион теңгеден алады. Күміс пен қола жүлде үшін 6 және 4 миллион теңгеден қарастылыған. Жеке спорт түрлері бойынша алтынға 500 мың, күміс пен қолаға 300 және 200 мың теңгеден берілмек. Бәйге жеңімпазына – 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жеңімпазына 3 млн теңгеден, ал аламан бәйгеде үздік атанғанға 5 млн теңге табысталады. Қазір спортшылар ақтық дайындық жұмыстарына кіріскен. Саңлақтарымыз жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенім мол.

Мұратбек ҚЫПШАҚБАЕВ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ДИРЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір біз аға бапкерлермен, ұлттық ат спорты орталығымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олармен барлық спорт түрлері бойынша жалпы командалық есеепте бірінші орын аламыз деген ниеттеміз. Өйткені өзіміздің елде өтіп жатқаннан кейін, қаншама жұмыстар жасалып жатқаннан кейін, қалың жанкүйерлердің ортасында командалық есепте бірінші орын аламыз деп отырмыз.

Көрермендер дүбірлі додада спорттық ойындарды ғана емес мәдени және ғылыми жарыстарды да тамашалай алады. 18 елден 100-ден астам ғалым өздерінің еңбектерін сайыстар мен конференцияларда паш етпек. Ғылыми-практикалық жиындарда зерттеушілер, тарихшылар көшпелі өркениет тақырыбын талқылайды. Бұл ұлттық спорт түрлерін дамытуға көмектеседі дейді ұйымдастырушылар.

Арайлым ЗИЯТ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ДИРЕКЦИЯСЫ МӘДЕНИ, ҒЫЛЫМИ ІС-ШАРАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Біздің конференция ұлттық спорт түрлерін стандарттау және одан әрі дамыту жолындағы алғашқы қадам болмақ. Ұлттық спорт түрлерін дамыту сияқты түйіткілдерді әртүрлі елдердің ғалымдарының қатысуымен кең ауқымда талқылануы керек.