$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Роман Скляр Ақмола облысының жылу маусымына дайындығын тексерді

AstanaTV
20.07.2024ж. 16:30
266
Роман Скляр Ақмола облысының жылу маусымына дайындығын тексерді

Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Степногорск және Көкшетау қалаларының жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмысының барысымен танысты.

Роман Скляр Степногорск қаласының ЖЭО-дағы қаланың тұрғын үй секторын, Заводская кентін, сондай-ақ елді мекен аумағындағы кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін жоспарлы жұмыстарды тексерді.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, нысанды жылыту маусымына дайындауға биыл 7,4 млрд теңге бөлінген.

"Екі қазандық агрегатын бөлшектеу, турбогенераторларға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Екі турбогенератор бойынша жұмыс аяқталды. Биыл ұзындығы 7,5 км магистралды жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,7 млрд теңге бөлінді. Мердігер ұйым құбырды бөлшектеу және төсеу жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар қалада 9,6 км жылу желісін реконструкциялау жобасы іске асырыла бастады", делінген хабарламада.

Бірінші вице-премьер жылыту маусымының кедергісіз өтуі үшін жұмыстың сапасын әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.