$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тамара Дүйсенова БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысты

AstanaTV
20.07.2024ж. 17:53
286
Тамара Дүйсенова БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысты

Қазақстан Республикасының Вице-премьері Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің аудандары мен ауылдарында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуымен танысты. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Былтыр бағдарлама аясында БҚО Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов аудандарының 273 тұрғыны өз ісін дамыту үшін жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге несие алды.

Қаражаттың көп бөлігі мал басын көбейтуге бағытталды, бұл ауыл тұрғындарына сүт және ет өнімдерін өндірумен және сатумен табысты айналысуға мүмкіндік берді.

Мәселен, Хан ордасы ауылының тұрғыны Светлана Сариева 4 млн теңгеге 8 бас сүтті сиыр сатып алған. Қаймақ, май және ірімшік өндірісі оның отбасына тұрақты табыс әкелуде. Бір жыл бұрын жұмыссыз болған С. Сариева енді ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ете отырып, шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Тамара Дүйсенова бағдарламаны іске асырудың сәтті мысалдарымен танысып, Батыс Қазақстан облысы өңірлерінің тұрғындарына ауыл азаматтарын қолдауға бағытталған 9 бағдарламаның шарттарын түсіндірді. Олардың ішінде — 5 жылға дейінгі мерзімге ең көп қарыз сомасы 5 млн теңгені 2,5%-бен жастар үшін жеңілдетілген шағын несие алу мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін 1,4 млн теңгеден астам сомаға қайтарымсыз гранттар көзделген.

Вице-премьер бұл ауыр тұрмыс жағдайына тап болған адамдар үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.

«Аудандарда мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары нашар жүргізілуде. Ауылдар мен аудан әкімдері осы жауапты бағытта белсенділік танытуға тиіс. Әрбір отбасының әл-ауқатын арттыру үшін мемлекет берген мүмкіндіктер жекелеген ауылдың ғана емес, бүкіл елдің болашағына қосқан үлесі саналады», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.