Атырауда әлеуметтік желіге жариялаған видеодан соң мамандар балық шабақтарын құтқаруға кірісті. Махамбет ауданы тұрғындары Сарыөзек каналынан Жайық өзеніне өте алмай топтасқан өте мол балықты түсіріп алған. Олар тайыз суда шабақтар жаппай қырылып қала ма деп қауіптенеді.
Оқиға орнына барған мамандар сондай-ақ Қызыл-Жар елді мекені тұсында каналдың жарылып, судың көп мөлшерде далаға жайылғанын байқаған. Ыстық күнде балық жаппай қырылу, тұншығу қауіпі мол деп отыр. Айтуларынша, әзірге бірен-саран ғана шабақ өлген. Мамандар судың тереңдігі 60см шамасында екенін айтып, шабақтарды құтқаруға еріктілер шақырып отыр.