$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Ауыл тұрғынына жұдырық жұмсаған»: Алматы облысында ауыл әкіміне қатысты қызметтік тергеу басталды

AstanaTV
23.07.2024ж. 06:47
255
«Ауыл тұрғынына жұдырық жұмсаған»: Алматы облысында ауыл әкіміне қатысты қызметтік тергеу басталды

Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округі әкіміне қатысты қызметтік тергеу басталды. Ол ауыл тұрғынына қарсы күш қолданып, мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін бұзды деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облыстық әкімддігінің хабарлауынша, ауыл әкімі мен тұрғын арасында жер учаскесіне байланысты жанжал туындаған.

«Тұрғындардың бірі бекітілген ауылдық округтің Бас жоспарына қатысты наразылығын білдірген. Оның жер учаскесі қызыл сызықпен өтетіні белгілі болған. Осыған байланысты тұрғын мен ауылдық округ әкімінің арасында жанжал шыққан. Қазір Тұздыбастау ауылдық округінің әкіміне қатысты Талғар ауданының әкімдігі мен Талғар ауданының полиция басқармасы тарапынан қызметтік тергеу жүргізуде. Әкімнің кінәсі расталған жағдайда оның жауапкершілігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жоғарыда аталған тұрғын 23 шілдеде аудан әкімі аппараты басшысының қабылдауына барады. 

«Тұздыбастау ауылдық округінің әкімдігі тұрғындардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша жұмысты әрі қарай жалғастырып жатыр. Барлық мемлекеттік қызметшілерді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын орындауға шақырамыз»,- деп хабарлады әкмідіктен.