Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Батыс компаниялары біздегі кен орындарына мердігер ретінде кіре алмайды – Қ.Бозымбаев

AstanaTV
01.03.2017ж. 20:00
2871
Батыс компаниялары біздегі кен орындарына мердігер ретінде кіре алмайды – Қ.Бозымбаев

Батыс мұнай компаниялары біздегі мұнайлы кен орындарына мердігер ретінде кіре алмайды. Оларға қазақстандық бизнеспен бірлескен кәсіпорындар мен консорциумдар құрса ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев ведомствоның алқа мәжілісінде мәлімдеді. Министр сондай-ақ Елбасы жолдауындағы маңызды міндеттерді орындаудың 100 күндігі басталғанын хабарлады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтағы үш ірі жер қойнауын пайдаланушыларға батыс компаниялары бұдан былай мердігер болмайды деп айттық. Егер олар жергілікті бизнеспен бірлескен кәсіпорындар мен консорциумдар құрса ғана, біздің елде жұмыс істей алады. 

Энергетика министрі отандық компаниялар «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасынан 12 млрд доллар пайда табатынын айтты. Жоба құны 37 миллиард доллар болса, оның 32 пайызы қазақстандық тауар мен қызметтерге жұмсалады. Қанат Бозымбаев интеллектуалды және сандық кен орындары жобалары туралы да мәлімет берді. Бұл бағдарламалар мұнай мен газ өндірісін 2-5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Шығындарды 10 пайызға қысқартып, энергетикалық тиімділікті 20 пайызға ұлғайтады. Ал 2018 жылдан бастап сұйытылған газды электронды биржа арқылы сатуға мүмкіндік болады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Сұйытылған газ нарығын ырықтандыру керек. Сонда ғана оны таратудың ашықтығына қол жеткізуге болады. Бүгінде бұл механизмге энергетика министрлігінің шенеуніктері мен облыстық әкімдік және газ өңдеу зауыттарының басшылары араласады. Жүйе айтарлықтай ашық емес. Болашақта барлық мұнай өнімдері электронды сауда алаңдары арқылы өтеді. Ең бірінші сұйытылған газды сата бастаймыз. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ