$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алтай Айнабектің жаңбыр жауғызу әдісі Біріккен Араб Әмірліктерінде үш рет сәтсіз аяқталған: БАӘ бас тартуға кеңес берді

AstanaTV
26.07.2024ж. 05:17
336
Алтай Айнабектің жаңбыр жауғызу әдісі Біріккен Араб Әмірліктерінде үш рет сәтсіз аяқталған: БАӘ бас тартуға кеңес берді

«Аралға су толтырамын» деп елге жар салып жүрген Алтай Айнабектің жасанды жаңбыр жауғызу технологиясын әлемнің ғылыми қауымдастығы мойындаған жоқ. Ал өнертапқыш қолданып жүрген иондау әдісі Біріккен Араб Әмірліктерінде үш рет сәтсіз аяқталды. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайтын «Қазгидромет» РМК осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алтай Айнабек басқаратын International Center of Climate Change Technologies компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген. Қазгидромет бұл компания иондау әдісін қолданатынын атап өтті. Алайда қазіргі таңда аталған технология әлемнің ғылыми қауымдастығы тарапынан мойындалмаған.

Соңғы жылдары интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілерде БАӘ, Иордания және тағы басқа елдерде иондау әдісімен жауын-шашын шақырудың сәтті нәтижелері туралы әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты «Қазгидромет» РМК осы елдердің ұлттық гидрометеорология қызметіне ресми сауал жолдап, иондау технологиясы туралы сарапшылар қорытындысын ұсынуды сұраған.  

«БАӘ Ұлттық метеорология орталығының ресми жауабына сүйенсек, Біріккен Араб Әмірліктерінде 2001, 2006, 2007 жылдары жауын-шашын мөлшерін ұлғайту бойынша жүргізілген үш сынақ та сәтсіз аяқталып, күткен үмітті ақтамады. Табысты нәтижеге қол жеткізілмегендіктен және ғылыми негізделген дәлел болмағандықтан БАӘ-нің жауын-шашын мөлшерін ұлғайту бағдарламасын қарау жөніндегі комитеті қалған ұсыныстардан бас тартты. БАӘ Ұлттық гидрометеорология қызметінің басшылығы «иондау типті сынақтармен айналыспауға» табанды түрде кеңес береді», - дейді Қазгидрометтегілер.

Ал Иорданияның метеорология департаменті аталған технологияны тікелей қолданбаған. Алайда, бақылау желісінің деректері бойынша, соңғы 30 маусымда иондау қолданылмаған кезеңде көп жауын-шашын түскен.

Қазгидромет биыл Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласына жауған жаңбыр табиғи синоптикалық жағдайлармен байланысты екенін және 10 күнге дейінгі дәлдікпен күні бұрын болжанғанын мәлімдеді. Маусым-шілде айларында түскен жауын мөлшері орташа көпжылдық нормаға жақын және төмен болған.