Сауда - тоқтаусыз дамып келе жатқан салалардың бірі. Оны цифрландыру тіптен дем бере түсті. Қазір ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті, ал саудаға инвестициялар 282,4 млрд теңгені құрады. Оның 153,6 млрд теңгесі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі. Шетелдермен алыс-беріс те айтарлықтай алға жылжып келеді. Алғашқы бес айда сыртқы сауда 55 $ млрд-тан асты. Негізгі сауда серіктестерінің үштігіне дәстүрлі түрде Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ кіреді. Экспорттың өсуіне халықаралық нарықтардың түсті металдар мен күнбағыс майына деген жоғары сұранысы әсер етті. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықтағы электронды сауда көлемі шамамен 1,5 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы жылдық көлемнің шамамен 62% құрайды. Қазір бұл салаға да мемлекет үлкен көмек көрсетуде. Соның аясында 800-ден астам кәсіпкер электронды сауда курстарын оқыды.
Айбар ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:
Енді бізде төлем жүйесінде барлық архитекторлар дамыған. Ол жағынан ешқандай проблема жоқ. Бізде логистика, тауарды жеткізіп беру, қазір осы жағынан цифрландырып жатыр. Электронды сауда, ақша алмасу жүрген жерде алаяқтық өте көп. Біздің онлайндағы дамуымызға алаяқтық шектеу қойып жатыр. Осының кесірінен антифлот, адамның деректерін қайта-қайта тексеру мәселесіне қайта оралдық. Ол қазір оңай алып жүрген тауарымызды кейін қайта қиындатуы мүмкін.
8 жылда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі төмендеді. Қабылдаған шаралардың нәтижесінде дефляцияның орташа индексі 99,8%-ды құрады. Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында мемлекеттік бақылау күшейтілді. Осы жылдың басынан бастап 16,3 млн теңге сомасына сауда заңнамасын бұзу бойынша 2 357 әкімшілік іс қозғалды.
Әлия ӘБДІРАХМАНОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бағаның маусымдық ауытқуын болдырмау үшін нарыққа 160 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жеткізілді. Сондай-ақ жұмыртқа өндірушілер одағымен жыл соңына дейін жұмыртқа бағасын белгілеу туралы келісімге қол қойылды, бұл нарықтағы баға демпингінің алдын алады. Отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін күнбағыс тұқымын әкетуге экспорттық кедендік баж енгізілді.
Тұтынушылардың құқығы басты назарда. Сауда және интеграция министрлігі бірінші жартыжылдықта 24 441 өтінішті қараған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 60%-ға артық. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілеріне 570 тексеру жүргізілген. 648 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылардың құқығы 777 млн теңгеден астам сомаға қорғалды.