Атырау облысында соңғы 3 жылда 43 адам суға кеткен. Оның 15-і бала. Тек биылдың өзінде 9 адамның ажалы судан болды. Мамандар аймақтағы төтенше жағдайға байланысты суға түсу маусымы ашылмағанын ескерткенмен, құлақ асып жатқан жан аз. Енді құтқарушылар мен полицейлер Жайық жағасын көз ілместен күзетіп, күшейтілген режимде рейдтіс іс-шара жөткізуге кірісті.
Облыста суға түсуге тыйым салынған, қауіпті 70 аймақ бар. Ол жерлерге 200-ден астам белгі қойылған. Қазір Атырау қаласы 24 секторға бөлініп, кәсіби құтқарушылар кезекпен күзетіп жүр.
Әділхан ЖҰМАЛИЕВ, ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Сол құтқарушылардың ескертуіне құлақ асып, тыңдауларыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта су келуіне байланысты судың деңгейі бұрынғы арнасына түскен жоқ. Қазіргі уақытта судың ағысы да жоғары. Сондықтан өте қауіпті. Бұрынға қарағанда қайраң жерлердің бәрі жарға айналған.
Статистикалық мәлімет бойынша судағы жазатайым оқиғаның 95 пайызы ішімдік ішіп шомылу салдарынан болады. Сондай-ақ ата-ананың баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуі де өкінішке ұрындырып жатады.
Бақыт АБЫЛАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Қазір әкімшілік хаттама толтырылатындығын айтып кету керек. 421-бап бойынша жыл басынан бері 30 адамға әкімішілік айыппұл салдық. Қате аяқ астында. Көп жағдайда ата-ана баланы қараусыз қалдырып жатады, сондықтан мұқият болса дейміз, ересектер де сақтық танытса артық болмайды.
Сондықтан мамандар суға түсу маусымы ресми түрде ашылмайынша, өзен-көлде шомылмау керектігін ескертеді.