Франция астанасы Париж қаласында жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде дәстүрге сай спортшылар шеруі өтті. Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шықты.
Шерудің ерекшелігі сол, делегациялар Сена өзенін қайықпен жүзіп өтті. Спортшыларды тасымалдау үшін 80 қайық жұмылдырылғанын атап өткен жөн.
Париж Олимпиадасына жолдама алған 80 спортшының барлығы шеруде төбе көрсеткен жоқ. Себебі кейбір жекелеген спорт түрлері жарыс кестесіне сәйкес кейінірек басталатындықтан Парижге кешігіп баратын спортшыларымыз бар.
26 шілдеге дейін Франция астанасына тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорт және стенд ату спортынан өнер көрсететін спортшыларымыз ғана барып үлгерді. Ал олардың саны 50 спортшы ғана.
Жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз 29 шілде күні Францияға аттанады. Алайда Ольга Сафронова салтанатты шеруде ту ұстайтындықтан, өзгелерден бірнеше күн ерте барды.
Ал еркін күрес шеберлері тек 5 тамызда ғана Алматыдан аттанса, брейкингтен сынға түсетін Амир Закиров 8 тамызда Парижге жетеді.
Қайықпен жүзіп өткен әр елдің делегациясына қарап, спортшылардың аз-көптігін шамалауға болатыны белгілі. Осы ретте, Париж Олимпиадасында АҚШ-тың спортшылары (592) көп екенін атап өткен жөн.
Ал, екінші орын жарыс қожайындарының еншісінде. Франция 587 спортшысына үміт артып отыр. Үшінші орынға Аустралия құрамасы (468) жайғасқан. Қазақстан намысын 80 спортшы қорғайтыны белгілі,- деп хабарлайды
Қазақпарат.