$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар облысында азаматтардың 500 миллион теңге қарызы кешірілді

AstanaTV
27.07.2024ж. 09:00
269
Павлодар облысында азаматтардың 500 миллион теңге қарызы кешірілді

Борышкерлерді банкрот деп тану туралы ең көп шешім облыс орталығында шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Жаслан Сержанов мәлім етті. 

– Бүгінде соттан тыс банкроттыққа 3900-ге жуық өтініш берілді, оның ішінде 517 жағдайда ғана оң ұйғарым берілді. 2024 жылдың сәуір айына дейін 500 миллион теңгеге жуық қаражат есептен шығарылды. Ал 140 адам өтініштерін кері қайтарып алды. Яғни, борышкер жұмысқа орналасып, төлеуге дайын азаматтар қатарына қайтадан қосылды деген сөз, – деп атап өтті Жаслан Сержанов. 

Заңда көзделген кейбір шарттарға сәйкес келмеуіне байланысты 2900-ге жуық өтініш берушіге банкрот деп танылу рәсімінде бас тартылды.

Борышкерлерді банкрот деп тану туралы ең көп шешім Павлодар қаласында – 220, Екібастұзда – 189, Ақсу қаласында – 18, аудандардан – Павлодар ауданында 35 шешім шығарылды. 

Соттан тыс банкроттық рәсімін банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар 1 600 АЕК кем болғанда, яғни борыш 5,9 миллион теңгеден аспайтын жағдайда қолдануға болады. Сондай-ақ, борышкер қарызын бір жылдан артық төлемесе, мемлекеттік тіркеуге жататын мүлкі – жылжымайтын мүлік, жер және көлік құралдары жоқ болса, банкроттыққа өтініш бере алады. Рәсім алты айға созылады, ол аяқталғаннан кейін банкроттың міндеттемелері тоқтатылуға жатады. Бұдан бөлек банкрот деп танылу үшін сот арқылы өтініш беруге болады. Бұл рәсімді азамат банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы борышы 1600 АЕК-тен асқан жағдайда немесе сомасына қарамастан өзге де борыштар бар болса, сондай-ақ мүлкі болған кезде қолдана алады.

Өтініш ХҚКО-да, eGov.kz электрондық үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы беріледі. 

Десе де, сот банкроттығы және соттан тыс банкроттықты қолдану кезінен туындайтын салдар да бар: 

Банктер мен микроқаржы ұйымдарында бес жылға несие алуға тыйым салынады;

Қайталап банкрот деп жеті жыл өткеннен кейін ғана танылуы мүмкін;

Банкроттық өткеннен кейін үш жыл ішінде мүлікті сатып алуға бақылау жүргізіледі.