$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атыраулық жігіт 20 музыкалық аспапта ойнайды

AstanaTV
27.07.2024ж. 12:11
306
Атыраулық жігіт 20 музыкалық аспапта ойнайды

Атыраулық өнерпаз Абзал Сиғуатоллаұлы 20 музыкалық аспапта ойнайды. Қазір «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінде жұмыс істейді. 

Өнерлі жігіт Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылында өмірге келген. Осындағы мектеп, клуб сахнасында ән айтып, домбыра шерткен ұлының өнерін ұштауды көздеген. Сөйтіп, Атырау қаласына қоныс аударған.

«Бала кезімде музыкалық аспаптарда ойнауға қызыққан едім. Әкем менің өнерлі болғанымды қалап, ынтамды оятты. Әкемнің кеңесімен Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған академияда вокал, пианино сыныбында оқыдым. Жоғары білімді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өнер факультетінен алып шықтым. Кейін білімімді жетілдіруді көздеп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуымды жалғастырдым», - дейді Абзал Сиғуатоллаұлы.

Өзінің айтуынша, студенттік кезеңін текке өткізбей, музыкалық аспаптарда ойнауға ден қойған. Әр аспаптың тарихын, жасалу жолын жетік біледі. Қазір жиырма түрлі аспапта еркін ойнайды. Қазақтың ұлттық мұрасы – домбыраның қос ішегінен күмбірлете күй төгеді. Қылқобызбен Қорқыт дәуірінен жеткен ұлы дала сазын сызылтады. Сырнаймен сырлы әуендерді әуелетеді. Пианиномен классикалық музыкаларды нақышына келтіре орындайды. Гитара, баян, жетіген секілді аспаптарда ойнауды меңгеріп алған.

«Алғашқыда домбыра тартуды үйренген едім. Бірақ тек бір аспаппен шектелгім келмеді. Өнер жолын таңдаған соң бірнеше аспапта ойнағанды жөн көрдім. Сол мақсатыма жақындап келемін. Өйткені әлі де бірнеше аспапта ойнауды көздеп жүрмін», - дейді Абзал Сиғуатоллаұлы.

Түрлі аспапты қолынан алса, он саусағынан саз төгілетін өнерлі жігіт Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінде жұмыс істейді. Сонымен бірге DD RECORDS тобының құрамында өнер көрсетіп жүр. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.