$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда самокат жетектеген 9 жасар баланы жүк көлігі қағып кетті

AstanaTV
27.07.2024ж. 17:40
322
Алматыда самокат жетектеген 9 жасар баланы жүк көлігі қағып кетті

Алматыда самокатпен келе жатқан тоғыз жасар баланы жүк көлігі қағып кетті. Бала бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанда көше қиылысынан өтіп бара жатқан. Жүк көлігінің жүргізушісі тежегіші басып үлгермей, мектеп оқушысын қағып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөлімінің басшысы Мейіржан Құрманалиевтің сөзінше, қазір баланың жағдайы тұрақты. 

“Науқасты жедел жәрдем бригадасы Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне: аралас жарақат, жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, іштің доғал жарақаты, көгерген жерлері, денесінде сыдырылған жерлері бар деген диагнозбен жеткізді. Нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты. Орташа ауырлық дәрежесі деп бағаланды”, – деді Құрманалиев. 

Оқиға сәті көліктегі бейнетіркегішке түсіп қалған. Кадрлардан бойы рульге жетер-жетпес самокат жетектеген баланың көшенің арғы бетіне өтіп бара жатқанын байқауға болады. Алайда аяқ асты жүк көлігі шығып, оны қағып кетеді. Оқиға куәгерлері бірден көмекке келді.

Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Бұған кәмелетке толмағанның екі доңғалақты көлікті қалай іске қосқанын анықтау кіреді. Кикшеринг компаниясы өкілдерінің айтуынша, электрлі самокатты 18 жаста немесе одан үлкен жастағы адамдар ғана тізгіндей алады.