$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Ата-аналар Павлодардағы мектептердің бірі жабылып қала ма деп алаңдаулы

AstanaTV
02.03.2017ж. 20:00
2366
Ата-аналар Павлодардағы мектептердің бірі жабылып қала ма деп алаңдаулы

Павлодарлық ата-аналар қаладағы мектептердің бірі жабылып қала ма деп алаңдаулы. Бұрынғы балабақша ғимараты мемлекетке қайтарылатын көрінеді. Оның орнына 320 балаға шақталған мектепке дейінгі мекеме ашылады деген сыбыс бар,- дейді тұрғындар. Бірақ бұл ақпаратты білім бөлімі жоққа шығарды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Стикс мектебі 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде мектепте 174 оқушы оқып жатыр. Айта кетері, мектеп шәкірттері облыстық, тіпті республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр. Басқа білім ордаларынан ерекшелігі - мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы бағдарлама жұмыс істейді.

Лаура Аникина ерекше жағдайды талап ететін балалардың санатында. Қатарластарымен бірге білім алу оған арман болатын. Осы мектеп ұсынған инклюзивті оқыту жүйесі жеткіншекке үміт отын жақты. Оқуда озат, достарының арасында беделді Лаура мектеп жабылса, үйреншікті ортамнан ажырап қаламын деп алаңдайды.

Лаура Аникина, 8 сынып оқушысы:

Мен кәдуілгі мектептерде оқи алмаймын. Өйткені мұнда бала саны аз. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Әрдайым көмектесіп тұрады. Егер басқа мектепке ауыссам, ол жақта көптің бірі болып, ескерусіз қаламын ғой. 

«Стикс» мектебінде Лаура секілді тағы 4 бала бар. Мұғалімдердің айтуынша, ерекше жеткіншектерге мұнда тиісті жағдай жасалған. Оқушылар сыныптан сыныпқа көшпейді. Барлық сабақ бір кабинетте өткізіледі. Сонысымен ыңғайлы.

Елена Кузнецова, «Стикс» мектебі директорының орынбасары:

Мектептің жұмыс істеп келе жатқанына 23 жыл болды. Неге дәл қазір осындай сұрақтың туындағанын түсінбедік. Бәрі қаржыға келіп тірелері анық. Дегенмен, шетелде мұндай тәжірибенің барын жақсы білеміз. Яғни жұмыс күнінің бір жартысын мемлекеттік қаражатқа, ал екінші жартысы ата-аналардың салымының есебінде жүргізу.

Ата-аналар ай сайын әр оқушының қосымша сабағы үшін  37 мың теңге төлейді. Бұған ешкім қарсылық білдіріп отырған жоқ. Бастысы - сапалы білімде,-дейді олар. Ал мектептің жабылатыны туралы сыбысты бір апта бұрын естіген. Айтуларынша, бұл жаңалықты шенеуніктер хабарлаған. Алайда, білім бөлімі басшысының уәжі басқа.

Гүлжан Қадырбаева, Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы:

Стикс мектебі мемлекеттік мекемесі 320 балаға шақталған бұрынғы балабақшаның типтік ғимаратында орналасқан. Дәл қазір оны жабу немесе жаппау туралы мәселе қарастырылып жатыр. Яғни сұрақ талқыланып жатқаны рас. Бірақ нақты шешім әлі шығарылған жоқ. 

Шенеунік бұрынғы балабақша ғимараттарын мемлекетке қайтару тәжрибесінің нәтижелі жүргізілгенін алға тартты. Соңғы жылдары бұл жоба негізінде 32 мектепке дейінгі мекеме қайта ашылған. «Стикс» мектебіне қатысты мәселе де осылай аяқталуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ