$479.05 €534.57 ₽5.17
×

"Өңір әкімдері өртке қарсы шаралармен тікелей айналысуы қажет", - О. Бектенов

30.07.2024ж. 20:00
174
"Өңір әкімдері өртке қарсы шаралармен тікелей айналысуы қажет", - О. Бектенов

Қазір орман өрті қаупінің қызған шағы. Бірақ еліміздің бірқатар өңірінде тілсіз жауға қарсы шаралар баяу жүргізіліп жатыр. Мәселен, Абай, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында су көздерінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілмеген. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты. Қазір Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында отын қорымен қамтамасыз ету мәселелері толық шешілмей отыр. Қостанай облысында өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі тиісті жедел штаб уақтылы құрылмаған. Үкімет басшысы бұл мәселелермен әкімдер тікелей айналысуы керек екенін баса айтты. Аталған түйіткілдер тілсіз жаумен күресуге кедергі келтіретінін жеткізді.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өртке қарсы жер жырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Онсыз дала немесе орман өрттерін ауыздықтау қиын болады.

Былтыр 116 мың гектардан астам орман қорын қызыл жалын жалмады. Табиғи апаттан 15 адам мерт болып, 160 млрд теңге шығын келді. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында 161 орман өрті тіркелген. Тілсіз жаудың алдын алу үшін өрт ошақтарын уақтылы анықтау маңызды. Өрт сөндіру техникалары әбден ескірген. Тіпті, кейбірінде өртті анықтау жүйесі де жоқ. Премьер-Министр бұл жұмыста цифрлық жүйелерді белсенді қолдану керектігін жеткізді.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жалпы, экономиканың әртүрлі салаларында пайдалану үшін пилотсыз ұшатын аппараттардың әлеуеті зор. Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі Қазақстанда дрондар өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруы керек.

Үкімет басшысы жасанды интеллект мүмкіндіктерін де кеңінен пайдалану қажеттігін ескертті.