АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Алматы облысындағы Береке саяжайының тұрғындары бір тамшы суға зар болып отыр. Тіршілік нәрі бұл жерге арнайы көлікпен әкелінеді. Әр отбасы 50 литр суды 20 мың теңгеге сатып алады. Оның өзі жетпейді. Кезекке тұру үшін көліктен бұрын келіп, осылай су құюға жарайды деген құтыларын жинап қояды.
500 шаңырақ шілденің шіліңгір ыстығында ішерге су таппай сандалып жүр. Жаз мезгілі басталса, жыл сайын саяжайда ауыз су толығымен тоқтайды екен.
Зарина ЮСУПОВА, БЕРЕКЕ САЯЖАЙЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өздеріңіз 40 млн шығарып, трассадан бері қарай өзіміз тартып келуіміз керек өзіміз қазып. Ал енді оған біздің қаражатымыз жетпейді. Кір жуатын су жоқ, балаларымыздың үсті кір қожалақ, тазалық қайдан. Водавоз қайдан кеп жатқанын біз де білмейміз. Ішінде қоқым су да келіп жатыр. Балаларымыз қорқым су ішіп жатыр шыны керек.
Береке саяжайының тұрғындары базыналарын айтып, әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Ал, атқамінерлердің айтуынша, аталмыш саяжай Еңбекші қазақ ауданынының аумағында орналасқанымен, сумен қамтамасыз ету осы өңірдің төрағасының міндеті екен.
Ертай НҰРМАХАНОВ, ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз өз тарапымыздан смета жасадық, енді бұл кісілер бұның алдында да бірнеше рет жиналған. Сол кезде біз өзіміз бюджеттен қаражат бөліп, сол саяжайдың шекарасына дейін тағы бір су құбырын апарып береміз дегенбіз. Ол қазір конкурстық рәсімде тұр. Егер конкурстық рәсім аяқталса, мердігер анықталса, жұмыстарын бастайды.
Береке саяжайына қосымша су құбырларын жүргізу үшін әкімдік те, аймақ төрағасы да, «Есік су» мекемесінің басшылығы да күш біріктіріп жатыр. Алдағы уақытта ұсынылған жоба мақұлданса, 1 ай көлемінде тіршілік нәрі келуі мүмкін.