$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Түркістан облысында селфиге түсемін де суға батып кеткен 16 жастағы қыз әлі табылмай жатыр

AstanaTV
31.07.2024ж. 10:59
368
Түркістан облысында селфиге түсемін де суға батып кеткен 16 жастағы қыз әлі табылмай жатыр

Бойжеткеннің ата-анасы құтқарушылардың жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Сөздерінше, алғашқы екі күні бар болғаны 6 маман келген. Істері өнбегесін әулетімізбен өзіміз де жиналып іздеп жатырмыз дейді жоғалған қыздың туыстары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Құтқарушыларды бүгін Шымкенттен алдырдық. Түркістанның да мамандарын жіберуге болмайды ма? Түркістаннан адам шақырмаймыз дейді. Шымкентте бір-ақ машина жіберіпті. Бір машина алты адам. Ол не болады? Не істей алады алты адам? Үшінші күнге кетіп бара жатыр. Өзіміз де бүкіл ағайын-туысымызбен кірістік. Шаршадық",- дейді жоғалған қыздың туысы Жәмилә Әтеева. 

Қайғылы жағдай 28-шілде күні таңғы тоғыз жарымдар шамасында болған екен. "Сайрам-Өгем Ұлттық паркіне" достарымен қыдырып келген Ақерке Сұлтанбек тас үстінде фотоға түскен екен. Қасында тағы бір жігіт бар. Сол кезде қыздың аяғы тайып, басы тасқа ұрылған депті куәгерлер. 

"Бала да бірге қол ұстатып түсіп кеткен деді. Баланың көретін жарығы бар шығар. Біраз жерге ағып кетіп, есімді жинап шықтым дейді. Талдан ұстап қалған екен. Қыз сол күйі ағып кеткен. Көргендер тек қолын көтерді деді", – деп жыларман Ақеркенің анасы Қамажай Шортанова. 

Селфиге түсемін деп суға батып кеткен Ақерке үйде 6 перзенттің ортаншысы. Өзінен үлкен ағасы мен әпкесі бар. Он бірінші сыныпқа биыл аяқ басқалы тұрған оқушы нағашыларына қыдырып барып, әрі қарай достарымен Қасқасу ауданына барған дейді анасы. Соңғы сапардан анасы бейхабар болдым дейді. Әкесі екінші топ мүгедегі. Ал төтенше жағдай қызметкерлері іздеу жұмыстары бір аптадан бір айға жалғасуы мүмкін екенін де жасырмайды. Өйткені Қасқасудағы өзеннің су ағысы баяу емес.

"Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 54 қызметкер, 1 жүзу құралы және 4 бірлік техникасы, Түркістан облысы ПД 6 қызметкер және 3 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдар 11 қызметкер жұмылдырылды" дейді Түркістан облысының ТЖД. 

Бұл іске қатысты әзірге ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Осылай деген Түркістан облысының полиция департаменті жоғалған қыздан хабар келгенде ғана тергеу басталатынын мәлімдеді.