$494.87 €520.65 ₽4.91
×

74 жастағы ақсақал әлемді жаяу араламақ

31.07.2024ж. 20:00
356
74 жастағы ақсақал әлемді жаяу араламақ

Жер шарын жаяу аралауға бекінген 74 жастағы жиһангез Сәрсенбай Қотырашев саяхатының екінші кезеңін бастамақ. Ол 2-тамызда Өскеменнен Ресейге, содан соң Моңғолия мен аспан асты еліне баруды жоспарлап отыр. Болжам бойынша 9 мыңнан астам шақырымды 180 күнде басып өтпек. Ақсақал былтыр Ресей, Грузия, Түркия мемлекеттеріне сапарлаған еді. Бас-аяғы 3000 шақырымдай жолды 100 күнде бағындырған. Ол турды келер жылы аяқтауды көздеп отыр. Еуропа елдері арқылы АҚШ-қа барып, сапарын Қытай жерінде тәмамдамақ. 4 мыңнан астам шақырымды 130 күнде бағындыруды жоспарланған. Саяхатшы осылайша әлемді жаяу айналып шыққан қария ретінде гиннес рекордтар кітабына енуді көздеп отыр.

Сәрсенбай ҚОТЫРАШЕВ, САЯХАТШЫ:

Егер денсаулығың күшті болсын десең күніне кем дегенде 7 км жаяу жүр. Бұл денсаулыққа пайдалы. Қан тарайды. Қалпына келеді. Ішкен-жегенің тарайды. Елмен амандасып өтесің. Өмірге деген құштарлық көзқарасың артады. Достарыңның саны көбейеді, дұшпандарыңнан.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Сәрсенбай Оспанұлы еліміздің 17 облысын 6 айда жаяу жүріп өткен. Осылайша ол бүкіл әлемге танымал болды. Ақсақалдың сапарларының барлығы мамандардың бақылауында болған. Биылғы кезең де толық жоспарланған дейді жауаптылар.

Бахтияр ҚОЖАХМЕТОВ, "ҰЛЫ ТАҒЗЫМ" ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Мен маршрутты дайындауға көмектесемін. Бірінші Сәрсенбай Оспанұлымен ақылдасамыз. Қай елге, қай қалаларға баратынын. Сосын Сыртқы істер министрлігімен, елшіліктермен байланысқа шығамын. Олар ақсақалға кедергі болмауын қамтамасыз етеді. Қолдарынан келгенше көмек береді.

Жаһанды жаяу аралауға бекінген ақсақал бұл сапарын Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арнамақ.