$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Африка елдермен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі", - Қ.Тоқаев

02.08.2024ж. 20:00
227
"Африка елдермен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі", - Қ.Тоқаев

Бүгін Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо Астанаға келді. Құрметті мейманды күтіп алу салтанаты Ақордада өтті. Салтанатты рәсімде Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз өткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл алғашқы сапарыңыз екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Конго арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мол әлеует бар деп есептеймін.

Өз кезегінде Дени Сассу-Нгессо құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның қазіргі саяси және экономикалық дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Дени САССУ-НГЕССО, КОНГО РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Астанаға келу – біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар саясат, дипломатия және экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне, ал екі ел халықтарының достық қатынастарын жаңа деңгейге көтеретініне сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дени Сассу-Нгессо екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құраммен де келіссөз жүргізді. Алдымен сөз алған Мемлекет басшысы Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары деп бағалады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде біз Конгоға Елші тағайындаймыз.

Өз кезегінде Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конгоға дипломатиялық өкіл тағайындау туралы шешімі өзара ынтымақтастықты нығайта түсетінін айтты.

Дени САССУ-НГЕССО, КОНГО РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, Сіздің бұл шешіміңіз Қазақстан мен Конго арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға деген ұмтылысыңызды анық көрсетеді. Біз жүзеге асыруға келіскен жобалар бойынша екі ел үкіметтері бірқатар келісім әзірледі. Мұның екі елге де пайдалы болары сөзсіз.

Мемлекет басшылары Қазақстан-Конго серіктестігінің даму перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, тараптар сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру, тау-кен өндірісі және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды. Келіссөз соңында Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго еліне сапармен келуге шақырды. Бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды.