$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қанат Бозымбаев Жаңаөзен қаласының стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар жұмысымен танысты

02.08.2024ж. 20:00
693
Қанат Бозымбаев Жаңаөзен қаласының стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар жұмысымен танысты

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жаңаөзен қаласындағы стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Қазір өңірде қордаланған мәселелер баршылық. Соның бірі ауыз су тапшылығы. Бұл - қала халқын ауыз сумен қамтамасыз ететін "Өзенинвест" қалалық су тазарту нысаны. Қазір оның өндірістік қуаты тәулігіне 25-26 мың текше метр. 60 000 текше метр су қоймасы бар. Тағы 30 000 текше метр резервуар салу жоспарланған.

Мерген ҚАПАРБАЕВ,"ӨЗЕНИНВЕСТ" ҚАЛАЛЫҚ СУ ТАЗАРТУ НЫСАНЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Бұл дегеніміз ертең қандай да бір апаттық жағдай болғанда 3 күнге судың қорын жинап беру мәселесін шешеді. Негізі біздің қаланың сұранысы ыстық кезде 45 мыңға дейін кетеді. Екінші жеріміз бар, артизан суы. Бұдан 5 мың шамасында келеді. Екеуін қоса алғанда 35 мың су болады тәулігіне. Сонда арғы жағындағы тағы 10 мың куб су жетпейді.

Вице-премьер жергілікті атқарушы органға келесі жылы қаржыландыруды бөлу үшін құжаттар дайындауды тапсырды. Бұдан бөлек өңірде өртке, жолдарға қатысты проблемалар бар. Қазір асфальттардың тек 48% - ы қанағаттанарлық жағдайда. Сондай-ақ, мектептер мен дәрігер тапшылығы да өзекті мәселеге айналған. Мамандар ақ халатты абзал жандарды өзге өңірлерден тартуды жоспарлап отыр.

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мен делегациямен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келдім, оның жеке пәрмені батыс өңірін дамыту бойынша шұғыл шаралар жоспарын әзірлеу. Жақын арада батыс өңірді дамыту бойынша нақты жоспар болады. Іс-шараларды, сомманы, орындаушылар мен жауаптыларды, барлығын бақылауға аламын.

Бұдан бөлек, Вице-премьер "Қазақ газ өңдеу зауыты "ЖШС," Өзенмұнайгаз " АҚ-да болды. Атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ал бүгін Ақтауда жұмыс сапары жалғасуда.