Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Мастер-классты» өткізуге кім құмар?..

AstanaTV
04.03.2017ж. 20:00
4783
 «Мастер-классты» өткізуге кім құмар?..


 «60 жол заметка жазуға қабілетсіз, дүмбілез тілшілер де шама-шарқына қарамай "мастер класс" өткізіп, журналистерді оқытпаққа тыраштанып жүр», немесе

«Жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп жатыр. Әлі ешкім оқымаған. Не жайлы екенін автор ғана біледі. Сонда да 10 адам сөз сөйледі. Бәрі мақтады».

Саламат Омаш жүргізетін «Дөп сөз» айдарының кейіпкері жазушы-сатирик Қуандық Шамахайұлы.

Саламат Омаш: Армысыздар, құрметті көрермен! Журналистің жұмысы қалың көпшілікке арналғасын  кімнің мықты, кімнің осал екені көрініп тұрады. Журналистің бағы да, соры да – осы. Бүгінгі кейіпкеріміз Қуандық Шамахайұлы осылай дейді. Қазақстанның мәдениет қайраткері, жазушы-сатирик ондаған кітаптың, жүздеген әңгіме-мақаланың авторы.

«Айна-қатесіз дәл өзі» деп салыстырамыз. Шындығына келгенде, айна бәрін қатесіз көрсете ме? «Баспасөз – қоғам өмірінің айнасы» деп 23 жыл дәріс беріппін. Сөйтсем, телеарналар көрсететін Қазақстан өмірдегі өзімізден мүлдем әдемі көрінеді екен. Айна бәрін керісінше бейнелейді емес пе? Ең бергісін айтқанда, оң мен солыңның орны ауысады дегендей... Өз аты-жөніңді жазып ал да, айнадан оқышы! Ешқандай мағынасыз шимай-шатпақ бірдеме болып шыға келеді.

Саламат Омаш: Қуандық Шамахайұлы журналистиканың мәселесін кәсіби журналистердің өзі талқылап, өздері басшы болу керек дейді. Аталған мәселе – оның ең көп қозғайтын тақырыптарының бірі.

60 жол заметка жазуға қабілетсіз, дүмбілез тілшілер де шама-шарқына қарамай "Мастер класс" өткізіп, журналистерді оқытпаққа тыраштанып жүр.

Қуандық Шамахайұлы:  Барлық дүниені құртатын бейкәсібилік. Ол жайлаған жағдайда жұмыс міндетті түрде құлдырайды. Бейкәсіби, әуесқойлар қаптап кетті, қазір.

ЦОН-ға барып, үйімнің құжаттарын реттемек болдым. Біздің атсыз көше базада жоқ болып шықты. Себебін сұрасам, «жаңадан ат қойылған болуы керек, КСК-дан немесе көршілеріңізден сұрастырып біліп келіңіз» - деді. Көршімнен сұрадым:

- Иә, көшеге ат қойылған. Бір әйел адамның есімі. Нәзира ма, Әзира ма, Нәдира деп пе еді? Ұмытып тұрмын...
- Сонда қалай? Надира-бегім деген шығыс шайыры болған. Бірақ, ол өзбек ақыны ғой. Мәдина Ералиева емес пе?
- Жоқ. Басқаша атау. Сіз квитанцияны қараңызшы! Сонда жазулы тұрған.
Жалма-жан әлгі төлем қағаздарын ақтарып қарасам, "ул.Кенена Азербаева" деп тұр.

Саламат Омаш:Журналистика саласын зерттеуші фейсбукты белсенді қолданушылардың бірі. «Бұл әлеуметтік желінің пайдасы болмаса зияны жоқ» дейді ол. Десе де екі ғылыми, екі көркем әдеби кітабымды жарыққа шығаруға дайындалып жүрмін деген жазушы, фейсбуктағы жазбаларын ешқашан кітап қылып шығармайтынын айтады.

Жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп жатыр. Әлі ешкім оны оқымаған. Не жайлы екенін автор ғана біледі. Сонда да 10 адам сөз сөйледі. Бәрі мақтады.

Қуандық Шамахайұлы: Жазған посттарымды кітап етіп шығаруға ешқашан бармас едім. Бұл ұят секілді. Бұл жай күнделік сияқты.

"Базардан келген ыңыршақ 3 күн тулайды" демекші, Мәскеуде 3-4 жыл тұрып , ана тілін ұмытатын министрді алдымен ауыл әкімі етіп алу керек еді.

Саламат Омаш: Министр де, депутат та журналистерден абайлап жүретін болған. Отырыстан шыға салып, тілші мен оператордан қашатын шенділерді де танимыз. «Ұрының арты қуыс» демекші, өз жұмысына тиянақты болса журналистен қашып не көрініпті? Қашуға құмарлар депутаттардың арасында да бар. Қызық, сондай кезде «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деген өлең жолдары естеріне түсе ме екен?

Депутаттар алғаш сайланып келгенде өздерін керемет тұлғаға айналғандай сезініп, шікірейіп, бес қап боп жүреді. Кезекті отырыстан соң қаптаған журналист микрофон ұсынып, камералары мен фотоаппараттары сартылдап, сұхбат алуға даяр тұрады. Жаңадан депутат болғандар алғашында оларға көз қырын да салмайды. Парламент жұмысы қыза түсіп, біршама уақыт өткеннен кейін әлгі бес қап болып жүргендер жуасып қалады. Ондай депутаттар залдан шыға салып, жаутаң-жаутаң қағып, жүрісін баяулатып, БАҚ өкілдерінің  қасынан өткенде жалынышты кейіппен үміттене көз тастайды. Сол кезде журналистер оларды пысқырмай қояды. Себебі, ондай депутаттардың айтар ештеңесі жоқ екенін отырыстардан байқап біліп алған. Осылайша «саяси өлік» болып сессияны қалай бастаса, ақыры сол күйі аяқтайды.

Саламат Омаш: Қуандық Шамахайұлы былай деп жазады: «Жапонияда бір жазушы "Жақсы жапон" деген кітап жазып ұлтты мадақтады. Оданкелгенпайда да, зиян да болмады. Ел оқып та жарытпады. Ал,екіншіжазушы "Жаманжапон" дегенкітапжазды. Оны жұртжаппайоқыды. Талқылады, пікірталастырды, сөзсайыстырды. Айналыпкелгендееңпайдалысы "Жаманжапон" дегенкітапболды. Өз мінінсоғанқараптүзеді, алғақарайілгеріледі, дамыды». Ал бізде қалай?.. Сын – фейсбукта. Алайда ол БАҚ-пен ешқашан теңесе алмайды, дейді жазушы.

Қуандық Шамахайұлы:  Өйткені бұл адамдардың пікір алмасу мінбері ғана. Бес мың, он мың адамның ортасы ғана. Журналистиканың деңгейіне көтеруге келмейді.

"Орта Азияда көшбасшымыз", "ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатардамыз", "Жас дамушы елдер арасынан суырылып шығып, бастапқы елулікке ендік" деп мақтанып жатқандарды көргенде күлкің келеді, әрі жаның ашиды. Жас дамушы елдер қатарына соңғы жарты ғасырға таяу жылдар бойы соғыстан көз ашпаған Ауғанстан және Африканың ең артта қалған тайпалары жатқызылатынын айтып сөзді созбайық. Жастары сексенге келген елу кемпірді іріктеп алып, қаражарысқа салсаң бірі оза шабатыны, біразы алдыңғы қатарда келетіні басы ашық әңгіме ғой. Жоғарыдағы мақтануымыз да дәл соған ұқсас. Шын жүйрік, хас мықты болсақ неге Батыс Еуропа елдерімен, АҚШ, Жапониямен иық тірестірмейміз.

Саламат Омаш: Жуанның созылып, жіңішкенің ұзаратын кезі келді. Бұл Наурыз айына ғана емес, бүгінгі қоғамның, саяси-экономикалық ахуалдың, елдің жағдайына дәл келетін секілді. Жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!