$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Кімді жерлегенімді білмеймін: локомотив басып кеткен ер адамның мәйітін туыстарына көрсетпеген

AstanaTV
03.08.2024ж. 03:37
275
Кімді жерлегенімді білмеймін: локомотив басып кеткен ер адамның мәйітін туыстарына көрсетпеген

Жетісу облысында 32 жастағы ер адамды жүк тасымалдайтын локомотив басып кетіп, азамат оқиға орнында мерт болды. Қайғылы жағдай Талдықорған қаласындағы теміржол бойында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы жағдай шілденің 26-нан 27-не қараған түні Абылайхан көшесіндегі теміржолдың бойында болған. Полицияның мәліметінше, ер адам рельсте жатқанда машинист тоқтай алмай, Евгений Ерофеевті басып кетіпті. Тепловоз қаққан 32 жастағы азамат сол жерде мерт болған. Әзірге оның теміржолға қалай тап болғандығы белгісіз.

– ҚР ҚК-нің 334-бабының 2-бөлігімен, яғни, темір жол және әуе теңіз немесе өзен көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, яғни адамды абайсызда өлтіру фактісі бойынша қозғалған. Аталған факт бойынша кінәлі адам ұсталып, қазіргі уақытта тергеу басқармасымен тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Жетісу облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Халықова.

Жалғыз ұлдан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырған зейнеткерлер «баламыз нендей жағдайда көз жұмғанын да біле алмай отырмыз» дейді. Оның айтуынша, «балаңыз қайтыс болды, басы жұлынып кеткен» деп қайғылы хабарды жеткізген полицейлерден «жазатайым оқиға» дегеннен басқа жауап алмаған. Ата-ана «баламыз теміржол бойында жататын қаңғыбас емес, қолы қалт етсе балық аулауға ғана баратын» дейді.

Айта кетейік, марқұм Евгений Ерофеев Қарабұлақ ауылында ата-анасымен бірге тұрған. Ол жекеменшік компанияда механик, көлік жүргізушісі қызметін атқарған.

– Полицейлер баламның нөмірінен хабарласып, болған жағдайды жеткізді. Содан бері ес жия алмай отырмыз. Мәйітханадан денесін әрең дегенде алдық, басы жұлынып кеткен деп табытты ашқызбады. Шынымды айтсам, кімді жерлегенімді де білмеймін. Бұл істе шикілік көп болып тұр. Мәйітті «біресе таңертең, біресе түнде таптық» деді. Жазатайым оқиға дегенге сенбеймін, ұлым өзіне қол салатын адам емес, – деді Жетісу облысының тұрғыны Наталья Ерофеева.

Облыстық полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, тепловоз жекеменшік компанияға тиесілі. Теміржол тұйығы арқылы жүк тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерден оқиғаның-мән жайын білмек болып іздеп бардық, алайда күзетші директор еңбек демалысында, орынбасары іссапарда деп жолатпады.

Тұрғындардың айтуынша, бұл теміржол бойындағы алғашқы қайғылы оқиға емес. Бірнеше жыл бұрын тепловоз тағы бір жеткіншектің ғұмырын үзген.