Қостанайлық шаруалар көктемгі
егіс науқаны кезеңінде бөлінетін қомақты қаражатты толықтай ала алмайды. Себебі
өңірдің кейбір диқандары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» 120 миллион
теңге қарызын қайтармаған. Бұл жайында аталған корпорацияның Қостанай облыстық
өкілдігінің бас менеджері Жанат Шақуова «Астана» телеарнасына берген сұқбатында
айтты. Оның дерегінше, корпорацияның келісімшартын аймақтағы 6 шаруа
орындамаған. Осы борышкер диқандардың салдарынан көктемгі егіс науқанына
бөлінетін қаражаттың көлемі 120 миллион теңгеге кеміп отыр.
Биыл Тобыл өңіріндегі ауыл
шаруашылық тауар өндірушілерді қаржыландыруға 4 миллиард 400 миллион теңге
қарастырылған. Ал несиелендіру «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес ұйымдары
арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде бидай мен арпаны форвардтық сатып алу жұмыстары
жүргізіліп жатыр. Егер диқандар қарызын қайтаратын болса, үкіметтен қосымша
қаражат бөлінуі мүмкін, - дейді корпорация өкілдері.
Жанат Шақуова, «Азық-түлік
келісімшарт корпорациясы» АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің бас менеджері:
Былтырғы жасалған шарттар
бойынша 6 тауар өндірушілердің корпорация алдында қарызы қалды. 120 миллион
теңге қарыз болғандықтан, биыл
шаруалардың өтінімін аталған соммаға сәйкес қабылдайтын боламыз.
Заңғар САНАЙ