Бүгін Астанада Орталық Азия елдерінің энергетика министрлері бас қосты. Олар өз салаларындағы сын-қатерлерге тоқталып, оның шешу жолдарын қарастырды. Соның ішінде мұнай мен газ бағасының ауытқуы, ресурстар жеткізілімінің тұрақсыздығы, жасыл энергияны дамыту секілді мәселелерді қозғады. Алмасадам Сатқалиев әріптестерін энергия ресурстары саудасының мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Кездесу соңында ведомства басшылары елдер арасындағы табысты ынтымақтастықтың негізін қалайтын коммюникеге қол қойды.
Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Орталық Азия елдерінің қазіргі заманғы энергетикалық инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру мақсатында инвестицияларды жан - жақты тарту және энергетика саласында ірі бірлескен технологиялық жобаларды іске асыру - өңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңызды факторы. Энергиямен толық қамтамасыз ету үшін - тегеуріндер мен сын-қатерлерді болжау және басқару тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет.