«AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуге келгендер ауылда ғаламторға қол жеткізудің қиындығына шағымданды. 600-ден астам тұрғыны бар елдімекенде бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Соның кесірінен қыстың қатты аязды күндері балалар сабақты онлайн оқуда қиналып қалады.
Мағауия РАХЫМОВ, ӘУЕЛБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мобилді байланыс бар. Интернет оқушыларға нашар болып тұр. Балалар кейде онлайн, офлайн оқиды. Сол кезде ұстамайды бізде. Соны құрып береміз деп бәлен жыл айтқан. Сол құрылмай жатыр.
Бұдан бөлек ауылда зейнеткерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол ауылдағы пошта бөлімшесінің жабылуы. Егер бөлімше жабылса, елді-мекендегі 200 зейнеткер зейнетақысын ала алмай қалмақ. Қоғамдық қабылдау барысында малдың қысқы жем шөбін дайындау мәселесі де көтерілді. Шаруалар өзен алқабындағы шабындық алқапты шауып үлгермей қалуы мүмкін. Өйткені тамыздың ортасында Ертіс өзені қайта тасымақ.
Әсел ҚОЖАХМЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
Жыл басынан Қазақстанның әр ауылдық аймақты жерлерінде қоғамдық қабылдау өткізіп жатырмыз. Біраз адам қабылдық. Бүгінгі күні 10-нан астам, 15 шақты адам қабылдадық әр түрлі мәселелер бойынша. Міндетті түрде барлық қойылған сұрақтар, мәселелер осы жергілікті әкімшіліктің деңгейінде қарастырылады. Немесе республикалық деңгейде болса, республикалық деңгейде назарға алынады.