Бүгін Астанада қазақ-өзбек іскерлік кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Жиында қос елдің экономикалық әлеуетін арттыратын бірнеше басым бағыттар сөз болды. Соның бірі көлік инфрақұрылымы. Қазір Дарбаза-Мақтарал жаңа темір жол желісінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба екіжақты сауда-саттықты арттырып, тауар тасымалын ұлғайтуға септеседі.
Мұрат ҚАРЫМСАҚОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің ынтымақтастығымыздың маңызды мысалдарына химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, электротехника және машина жасау саласындағы жобалар жатады. Саран қаласында біз тұрмыстық техниканы бірлесіп өндіруді бастадық, бұл 2024 жылдың алғашқы бес айында 1,281 млрд теңге сомасына 37 мыңнан астам техниканы сатуға мүмкіндік берді.
Қазір екі ел арасындағы алыс-берістің бүгінгі қарқыны жоғары. Қазақстан – іргедегі Өзбекстанның үшінші ірі сауда серіктесіне айналған. Былтыр өзара сауда 4,4 млрд доллардан асса, биылғы жарты жылдықтың өзінде көрсеткіш шамамен 2 млрд долларға жеткен. Тараптар алдағы уақытта тауар айналымын 10 млрд доллардан асыруды көздеп отыр. Бұл бауырлас елдердің жақындығы мен тығыз қарым-қатынасының дәлелі.
Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бизнес-кооперация жоғары деңгейге шығып отыр. Бұл елде қазақстандық капиталға құрылған 1043 кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Өзбекстанда бірлескен кәсіпорын құру көрсеткіші бойынша да үшінші орында тұрмыз.
Жиын соңында екі елдің экономикасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірнеше құжаттарға қол қойылды.