$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстан жоғары инвестициялық әлеуетті көрсетуде

07.08.2024ж. 20:00
445
Қазақстан жоғары инвестициялық әлеуетті көрсетуде

Биылғы жартыжылдықта елдегі негізгі капиталға 6,7 трлн теңге көлемінде инвестиция құйылған. Ал жыл соңына дейін экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге көлемінде қаржы құйылмақ. Оның 7 трлн теңгесі бюджеттік емес көздерден. Сондай-ақ жыл біткенше 238 жоба іске асырылып, 24 мың жұмыс орнын ашу көзделуде.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының арқасында кейінгі жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келеді.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр.

Расында инвестор тарту оңай шаруа емес. Соған қарамастан Қазақстан жоғары инвестициялық әлеует көрсетуде. Оған стратегиялық орналасуы, шикізаттың мол қоры, саяси тұрақтылық пен инвесторлардың құқығын қорғау сынды бірнеше фактор себеп. Қазақстанның негізгі шетелдік инвесторының бірі Қытай. Шығыстағы көршіміз соңғы 15 жылда экономикамызға 25 млрд доллар көлемінде инвестиция жасаған. Бүгінде екі ел арасында 28,2 млрд доллар көлемінде 96 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сондай-ақ биыл газ инфрақұрылымындағы бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін Катарлық инвесторларда 4 триллион теңге қаржы құймақ. Одан бөлек елдегі ішкі тауар айналымы 27,6 трл теңгеге жетіп, саудаға инвестициялар көлемі 282,4 млрд теңгені құрады.

Айбар ОЛЖАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Біздің сыртқы саудамыздың позициялары мұнай, ферроқорытпалар, көмір, уран негізгі сататынымыз сол. Жаңағы мұнай өнімдері мазут, дизель, бензин сатамыз. Ал дайын өнімдерді аламыз жаңағы компьютер, смартфон деген сияқты. Экспортымыздың көлемі әрине импорттан артық. Бірақ экспорттың өз сапасы тек қана шикізаттық экспорт боп тұр.

Қазақстан – Еуропа мен Азияның тоғысқан жеріндегі жаңа стратегиялық орын. Сондай-ақ экономикалық, геосаяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерінде әлемдік аренада жоғары беделге ие. Оған жуырда ғана бас қалада өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті дәлел. Еліміз төрағалық еткен бұл шарада бйбітшілік пен экономиканы жандандыру мәселелері қаралған еді.

Ерсұлтан ЖАНСЕЙІТОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚЫТАЙ ЖӘНЕ АЗИЯ ЗЕРТТЕУЛЕРІ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазақстанның төрағалығын оң бағалауға болады. Себебі, бұл ел экономикада және басқа да салаларда ұйымның дамуына елеулі үлес қоса отырып, одан да беделді платформаға айналдыру үшін шын жүректен күш салды. Қазақстанның басымдықтары көп. Соның бірі экономикалық-инвестициялық өзара байланыс. Бірлескен жобалар арқылы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруымыз керек.

Инвестицияның игілігін көріп жатырмыз. Алда әлеуетті көтеру бағытындағы байыпты бастамалар жалғаса бермек.