$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Екі ел арасында өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр",- Қ.Тоқаев

08.08.2024ж. 20:00
515
"Екі ел арасында өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр",- Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Астанаға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президентін бүгін Ақордада қарсы алды. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Осыдан кейін екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Онда Мемлекет басшысы бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз деді. Бұл екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенім білдірді. Айта кетейік, тараптар былтыр ғана Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойған еді. Президент осы байланыстар арқылы сауда айыналымын 5 млрд долларға дейін жеткізу керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз.

Екі елдің бүгінде сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобасы бар. Сарапшылар соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты қарым-қатынас айтарлықтай нығайғанын атап өтті. Екі бауырлас ел арасындағы сауда-саттық та жыл сайын артып келеді. Бұл тығыз экономикалық ынтымақтастықтың арқыснда дейді.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда 4,4 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Бизнес-кооперация да жоғары деңгейде. Өзбекстанда қазақстандық капиталы бар 1043 компания табысты жұмыс істейді. Бұл сандар біздің елдеріміздің бизнес саласындағы тығыз ынтымақтастығын растайды.

Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды. Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нәтижесінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

Шавкат МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл, шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін.

2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатыр. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді. Сарапшылар байланыстың бәйтерегі саналатын мәдениетті де ұмыт қалдырмау қажет деп есептейді.

Айдар ҚҰРМАШЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Жаңа салалар дегенде ол тек қана ауыл шаруашылығы және басқа да мәселелер емес сонымен қатар біз үлкен потенциалды мәдени саласында да айтуға болады. Сондықтан да біз осы мәселені алға қойып, жастарымз арасындағы байланысты барынша кеңейтуге мүмкіндік жасауға атсалысып отырмыз.

Мемлекет басшысы Өзбекстан президентін "Алтын Қыран" орденімен марапаттады. Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы университеттер филиалдарынның ашылуы мен Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы контейнерлік пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Айта кетейік, Биыл сәуір айында Хиуа қаласында Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру және Транс-Ауған бағытын дамыту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Соның шеңберінде жүктерді жеткізу мерзімі қысқарды. Контейнерлі пойыз 4486 шақырым жолды 5 тәуліктің ішінде жүріп өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жүк пойызы Сиань қаласындағы порттан Қазақстан аумағы арқылы Ташкентке жөнелтілді.

Бас қосуда қазақ-өзбек шекарасында жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесі де пысықталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Транскаспий бағытын және Солтүстік-оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстан арқылы өтетін темір жол құрылысы аясында бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесін пысықтадық. Жалпы, осы бағыттағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін береді ойлаймыз

Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрлері кеңесін құрды. Осы арқылы көршілес екі ел халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерде күш біріктіруді көздеп отыр. Бұдан өзге, бүгін қазақ елінің өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі ретінде өзбек ақыны Әлішер Науаидің ескерткіші ашылады. Тараптар кездесу соңында маңызды 15 құжатқа қол қойды.